"IELTS тапсыру қажет емес": Силикон алқабында еңбек етіп, АҚШ-қа грантқа түскен қазақ қызы жетістігінің құпиясын бөлісті
Жарияланған күні:
АҚШ-тың Силикон алқабында іс-тәжірибеден өтіп, кейін Нью-Йорк штатында орналасқан Бингемтон университетінің докторантурасына грантқа түскен қазақ қызы Айкүміс Дулатқызы жетістіктерге жетуінің құпиясын бөлісіп, KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Бойжеткен "Болашақ" бағдарламасына жүгінбей-ақ АҚШ еліне грантқа түсудің жолдарын айтып, әрі ол үшін тіпті ағылшын тілінен IELTS тестін тапсырудың да қажеті шамалы екенін алға тартты.
Айкүміс бүгінде күйеуімен бірге АҚШ-тың белді 100 университетінің бірінде докторантурада тегін оқып, шәкіртақы да алып жүр. Шетелде білім алу тұрғысынан өз арманын орындап қана қоймай, өзгелердің де арманын шындыққа айналдырып жүрген ару желіде көптің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген. Талай жастың білімін шыңдауды өмірлік мақсаты еткен бойжеткен порталға сұхбатында грантқа түсудің құпиялары мен кәдеге жарар кеңесін ортаға салды.
— Айкүміс, АҚШ-қа оқуға түсуіңізге не септік болды? Жалпы өзіңіз туралы айта кетсеңіз
— Степногорск қаласының тумасымын, Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскеннен кейін ағылшын тілін барынша меңгере бастадым. Ағылшын тілін білсем, жерде қалмайтынымды түсіндім. Тілді меңгерудің бірде-бір мүмкіндігін қалт жібермеуге тырыстым. Нәтижесінде осы мектептің оқушыларына ағылшын тілін ақылы үйретіп, репетитор болатындай деңгейге жеттім. Оқушылармының көбі бүгінде грантта оқып жүр.
Одан кейін ҚазҰУ-дің ағылшын тіліндегі тобында бакалавр дәрежесін алдым. Ол кезде де ағылшын тілінен қосымшалар беріп жүретінмін. Көп ұзамай АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі өткізіп жатқан байқауға қатысып, үздік үш қатысушының қатарынан табылдым. Нәтижесінде Қазақстандағы АҚШ елшілігінің оқу бөлімімен таныстым. Сол жердегі әріптесім мені келесі жылы Америкаға іс-тәжирбеден өтуге шақырды.
"Болашақ" бағдарламасына қатыспай-ақ АҚШ-та толық грантқа түсуге болады
Осылайша, елшіліктің байқауына қатысу маған Силикон алқабында іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік ашты. Мен ол жерде білім беру бағдарламалары саласындағы компанияда жұмыс істедім. Сол кездің өзінде америкалықтар ағылшын тілін жетік меңгергеніме таң болатын. Жалпы АҚШ-қа грантқа түсуіме ағылшын тілінде еркін сөйлей алатыным септік болды дей аламын.
Іс-тәжірибеден соң Қазақстанға келдім, бакалавриатты ғана бітіргесін ешқайда жұмысқа тұра алмадым. Көбі төмен жалақы ұсынатын, ақыры АҚШ-қа грантқа түсіру қызметін онлайн ұсыну арқылы табыс таба бастадым. Адамдардың АҚШ-қа виза алуына көмектесіп, тәжірибе жинақтадым, осылайша күйеуіме де АҚШ-қа оқуға түсуге көмектестім. Өзіме деген сенімділік пайда бола бастады. Бұрын "Болашақ" бағдарламасына қатыспай-ақ АҚШ-та толық грантқа түсуге болатынына сенбейтінмін. Гранттар мен стипендиялар туралы мақалаларды оқығанда, бұл мүмкін емес, мұндай жетістіктерге тек өте ақылды адамдар жете алады деп ойлайтынмын.
Рейтинг қуалаудың қажеті жоқ
– Демек, грантқа түсу үшін өте ақылды болу шарт емес пе?
— Бастысы бәрін қиындата бермеу керек. Үздік университеттерге түсуге тырысамын деп көбі жағдайын қиындатып алады. Рейтинг қуалаудың қажеті жоқ. Барлығы рейтинг қуалаймын деп үлкен бәсекелестікке тап болады, ондайда мүмкіндік аз. АҚШ-тың үздік 10 университетіне емес, үздік 200-дігіне кіретін ЖОО-ларға тапсырсаңыз, грантқа түсу мүмкіндігіңіз де артады. Мен бүгінде АҚШ-тың үздік 100 университетіне кіретін жоғары оқу орнында күйеуіммен бірге грантта білім алып жатырмын.
– Сіз үшін АҚШ-тағы өмірдің артық және кемшін тұстары қандай? АҚШ-қа барам дейтіндер неге дайын болуы керек?
– АҚШ-та баспананың, әсіресе отбасылы адамдар үшін қымбатқа түсетініне дайын болу керек. Студенттер үшін жеңілірек, олар басқа студенттермен бірігіп, айына 300-400 долларға бөлме жалдай алады. Ал докторанттарға жатақхана берілмейді, олар пәтер жалдауға мәжбүр. Сондықтан алғашында қонақүйге, содан кейін пәтер жалдауға шығын кететініне дайын болуыңыз керек. Біз де келген соң қонақүйде төрт күн тұрып, түрлі сайттардан пәтер іздедік.
Бір күнде пәтерден қуып шықпайды
Бұл жерде, бір жақсысы, бір күнде пәтерден қуып шығару деген жоқ. Қазақстанға ресейліктер ағылып келгенде көп студенттер далада қалған еді. Пәтер иелері бағаны күрт көтеріп, пәтерақысына келіспегендерді шығарып жіберді. Ал бұл жерде бәрі келісімшартпен бекітілген. Кемінде жарты жылға, тіпті бір жылға бағасы бекітіліп келісімшарт жасалады. Оған сәйкес пәтер иесі пәтердің құнын көтере алмайды әрі сізден бір күнде пәтерді босатуға талап ете алмайды.
Сонымен қатар маған мұнда адамдардың шетелдіктерге жылы қабақ таныта білетінін ұнайды. Бір нәрсе білмей жатсаң түсіністікпен қарайды.
— Америкада студенттерге ақша табу мүмкін бе?
– Шетел студенттеріне мұнда ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат етілмейді, тек университетте ассистент қызметін атқара аласыз. Жолдасым студенттерге арналған зертханада ассистент болып жұмыс істейді. Мұнда докторанттардың іс-тәжірибеден өтуіне жалақы береді, аптасына 20 сағат университетте ғана жұмыс істей аласың. Мен де грантта оқып, ассистент болып жұмыс істеп жүрмін.
– Айына пәтер мен азық-түлікке қанша ақша жұмсайсыз. Қазақстанмен салыстырғанда азық-түлік қымбат па?
Ет бес есе қымбат
– Азық-түлік бағасы Қазақстанмен бірдей-ақ. Біз Нью-Йорк штатында тұрамыз және мұнда баға басқа штаттармен салыстырғанда орташа саналады. Ет қымбат. Бір келі ет Қазақстандағыдан бес есе қымбат. Бір бөлмелі студия пәтерді 1000 долларға жалдап тұрамыз.
Десе де АҚШ-та өмір деңгейі жоғары. Қазақстанда жұмыс істесең де, әрі кетсе ипотекаға пәтер сатып ала аласың. Ал жұмысы бар АҚШ тұрғындарының үлкен үй, отбасының әр мүшесіне көлік сатып алуға мүмкіндігі бар.
Мәселен біз мұнда алты айдың ішінде көлік сатып алдық. Ал Қазақстанда алты айда көлік ала алмас едік.
— Сонда АҚШ-та көлік арзан ба?
— Иә, көліктер екі есе арзан тұрады.
Бірден докторантураға түсуге болады
– Америкада докторантура қанша уақытқа созылады?
– Алты жыл, өйткені оған магистратура да кіреді. Неге екені белгісіз, Қазақстанда бакалавр дәрежесін алғаннан кейін бірден АҚШ-қа докторантураға түсуге болатынын көп адам біле бермейді. Олар алдымен екі жыл магистратураны оқуды ойлайды. Осылайша Америкада бірден докторантураны бітіру мүмкіндігінен қағылады.
Мен бір қызға Америкаға грантқа түсуге көмектестім. Тіпті бакалавр дәрежесін алмай жатып докторантураға грантқа түсті. Ол маған төртінші курста оқып жүргенде келді және барлық кеңесімді мұқият орындады, Дуолинго сынағынан өтті, нәтижесінде қаңтардың басында-ақ докторантураға "Болашақтың" көмегінсіз грант ұтып алды. Бүгінде грантқа түсу үшін ақылы қызметіме жүгінетіндер көбейіп жатыр.
Әйел бір орында тұралап қалса, бұл ерінің әлсіздігі
– Өмір жолыңызда ең үлкен жетістігіңіз не деп ойлайсыз?
- Жақсы жігітке тұрмысқа шығуым. Мені барлық тұрғыдан қолдайтын жігітке тұрмысқа шыққаныма ризамын. Әр абысты еркектің артында мықты әйел тұрады дейміз. Бірақ біздің жағдайда күйеуім маған тірек, мен де оған көмекшімін. Егер әйел бір орында тұралап, дамымаса, бұл ерінің әлсіз екенін аңдатады. Ондай еркек әйелінің көтерілуіне жол бермейді, оны үйде қамап ұстағанды жөн көреді. Америкада әлеуметтік жағынан әлдеқайда белсенді болуым, жетістіктерге жетуім күйеуімнің арқасында, ол мені шабыттандырып, алға ілгерілеуіме жағдай жасайды. Мен оны мақтан тұтамын.
– Күйеуіңізбен қалай таныстыңыз?
– Екеуміз де химикпіз, бірінші курстан бері таныспыз. Ол қазақ тобында, мен ағылшын тобында оқыдым. Ол маған алғаш кездескенде-ақ ұнады. Аққұба, сымбатты жігіт. Бірінші курста көңіл жарастырып, жеті жылдан кейін некемізді қидық.
– АҚШ-та оқу қиын емес пе?
– Егер сіз өз еліңізде сабақтарды жіберіп, жұрттан көшіруді әдет қылсаңыз, мұнда оқи алуыңыз екіталай. Ал егер адам әу бастан оқуға жақын болса, мұнда білім алғанға қинала қоймайды.
- Дәрістерге қанша уақыт кетеді? Таңертеңнен кешке дейін оқисыздар ма, әлде бірнеше сағат қана ма?
– Доктораунтураның алғашқы екі жылы Қазақстанда магистратура оқығанмен бірдей. Ал соңғы үш-төрт жыл тек зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақала жариялаумен боласыз. Яғни, алғашқы екі жылда оқуға барынша зейін салсаңыз, содан кейін жеңілірек бола түседі. Бұл жерде Дағыстанның бір жігіті бар, ол емтиханды бір жылда-ақ тапсырып тастады, енді дәрістерге қатыспай, тек зерттеумен айналысады. Бір жылда барлығын жедел түрде оқып тастауға болады.
IELTS немесе TOEFL сынды қиын тесттерді тапсыру міндет емес
– АҚШ университеттерінде оқуды армандайтын студенттерге қазірден бастап қандай қадамдар жасауға кеңес берер едіңіз?
— Менің тегін шеберлік сабағыма қатысып көрсін. Тегін сабақтарда біраз пайдалы ақпаратпен бөлісіп жатамын. Интернетте АҚШ-қа грантқа түсу тұрғысынан түсінікті әрі ашық ақпарат жоқ. Бәрін қиындатып жіберген. Интернеттен ондай ақпарат іздеу, аурулар туралы ақпарат іздеумен бірдей-ақ, тек шошып, райыңыздан қайтып қаласыз. Себебі онда тек үздік университеттерге түсу тұрғысынан ақпарат берілген.
Шын мәнінде АҚШ-қа оқуға түсу үшін IELTS немесе TOEFL сынды қиын тесттерді тапсыру міндет емес. Duolingo-тест тапсырсаңыз да жетіп жатыр. Өзім де сол тестпен грантқа түстім. Бұл тест ойын форматында болғандықтан, оны тапсыру жеңілірек, оның үстіне тестті тапсыру IELTS-тан бірнеше есе арзан, бар болғаны 50 доллар.
Алаяқтардан абай болу керек
Тағы бір кеңесім - алаяқтардан абай болу керек. АҚШ университеттеріне түсіру тұрғысынан өз қызметтерін ұсынатын агенттіктер арасында алаяқтар да баршылық. Олардың кейбірі клиенттерді АҚШ-қа оқуға түсу арқылы онда заңды түрде жұмыс істеуге болады деп алдайды. Бірақ, шын мәнінде, Америкада студенттер үшін заңды түрде жұмыс істей алатын жалғыз орын - университеттің өзінде ассистент болу.
Кейбір агенттіктер магистратураға түсуге көмектесеміз деп өтірік айтады, бірақ соңында магистратураның орнына тіл курстарына шақырту келеді. Егер адам ақылы түрде тіл курстарына қатысқысы келсе, онда тек паспорт керек, ол үшін агенттіктерге барудың қажеті жоқ. Ал магистратурада оқу үшін сізге мотивациялық хат жазып, тіл білімінен сынақты сәтті тапсыру қажет. Егер агенттік сізден мұның бәрін талап етпесе, бірақ магистратураға шақырту алып беруді уәде етсе, онда бұл жерде бір гәп бар деген сөз.
Сондай-ақ кейбір агенттіктер грантқа өтінім жіберу ақысы $150 болады деп өтірік айтады, ал шын мәнінде ол тек $25 тұруы мүмкін, қалған ақшаны олар өз қалтасына басады. Үш-төрт университетке құжат тапсырсаңыз, мұндай алаяқтарды қанша теңгеге байытатыныңызды есептей беріңіз.
Қанша қиын болса да, ағылшын тілін үйренуге тырысыңыз
Үшінші кеңесім ағылшын тілін жетік меңгеруге талпыну. Тіл білгенімнің арқасында талай биіктерді бағындыра алдым. Ағылшын тілі бүкіл әлемге жол ашады. Степногорскіде анам мені ағылшын тілі курстарына жазғанына ризамын. Одан кейінгі барлық оқу орнында мен үшін ағылшын тілі бірінші кезекте болды. Қанша қиын болса да, ағылшын тілін үйренуге тырысыңыз, өйткені болашақта басқа елде жаңа мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Мәселен, ағылшын тілі маған грант ұту мүмкіндігін беріп қана қоймай, мен үшін жақсы табыс көзіне айналды. Бүгінде мен ағылшын тілінен қосымша курстар өткізіп, Америкаға оқуға түскісі келетіндерге немесе виза алғысы келетіндерге де ақылы қызметімді ұсынып жүрмін. Осылайша АҚШ-тың өзінде стипендиядан бөлек, жеке табысым бар.
— Ағылшын тілін жетік меңгергісі келетіндерге кеңесіңіз қандай?
Ағылшын тілінде субтитрлері бар фильмдер мен сериалдарды қараңыз. Одан бөлек ағылшын тілін білетін адамдардан құралған орта керек. АҚШ-қа оқуға бармас бұрын тіл біліміңізді кемінде Inertmediate немесе Upperintermediate деңгейіне жеткізуге тырысыңыз. Бұл сізге дәрістерді түсініп, білім алуда қиналмауыңызға жағдай жасайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018797-ielts-tapsyru-qazet-emes-silikon-alqabynda-enbek-etip-aqs-qa-grantqa-tusken-qazaq-qyzy-zetistiginin-qupiyasyn-bolisti/