Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларға обал болды": шіркейдің шырмауында қалған Түркістан облысының тұрғындары жанайқайын айтты (видео)

Жарияланған күні:

шіркей
Жәндіктер. Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысының бірнеше ауданының тұрғындары әлі де шіркейдің шырмауынан құтыла алмай, шырқы бұзылды. Тұрғындар талай уақыттан бері таза ауа жұтып, далаға шығып, еркін тыныстаудан қалғанын айтады. Күннің ыстығында олар қалпақ, ұзын жең киім киіп қымтанып жүруге мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындар шіркеймен күресіп жатқан жауаптылардың жұмысы нәтижесіз екенін айтады. Шіркей көбеймесе, басылар түрі жоқ.

"Шіркей ауылда да, тоғайда да, су жағасын да басып қалған. Әкімдік тазалап жатыр. Көрдік. Бірақ еш нәтижесіз. Шіркейдің басылар түрі жоқ. Шіркейдің түрі жаман. Қаптап тұр. Не істеуге болады бұған? Әсіресе, кішкентай балаларға обал болды", - дейді Шеңгелді ауылының тұрғындары.

Отырар ауданы Балтакөл ауылының тұрғындары да шіркейге қарсы жасалып жатқан жұмыстардың еш нәтиже бермегенін айтады.

"Кеше 80 пайызын құрттық деп жатқан сияқты еді. Жүз пайыз шіркейдің бір пайызы да жойылмаған сияқты ғой. Жел тұрғанда кішкене басылып еді, жел қойған соң мүлдем көбейіп кетті. Жұмысқа барудың өзі қиын боп қалды", - дейді балтакөлдіктер.

Мұндай жағдайды Арыс ауданының халқы да бастан кешіп отыр.

"Дезинфекция жасалды дейді. Шіркей қаптап жүр, аузыңды қаттырақ ашып қалсаң, шіркей толып қалады. Жазды күні қалпақ киіп, ұзын жең, маска киіп жүрмесең шіркейге таланасың. Көз аштырмайды. Бүгін міне 28 сәуір күні, әлі де шіркейге таланып жатырмыз", - дейді Арыс ауданы Аққала ауылының тұрғыны.

Ал облыс әкімнің баспасөз қызметі Түркістан облысының аумағында шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің санын азайтуға және ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер "Satti Tulik" ЖШС бекітілгенін, дезинсекциялық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Шіркейдің 80 пайызы түгілі 0,8 пайызын да жойған жоқ. Сырадарияның көпірінен дәрі шашып жүр. Не дәрі шашып жүргенін қайдам, дәрі шашушылардың өздері машиналарына мініп ап шіркейден шыңғырып қашып жүр. Шіркейге қарсы дәрі болса шіркей жойылар еді ғой. Адамдардың көзін, бетімен мойнын, қолдарын шіркей талап, зардап шегіп жатыр. Тауықтың балапандарын талап тастап өлтіре берген соң шай ішіп отырған бөлмемізге тауықты әкеп жұмыртқалатып отырған жайымыз бар. Енді шіркейден зардап шеккен шырылымызды айтып жеткізуге сөз жетпейді. Әкімдіктің әдемі сөзіне сене бермеңіздер", – деп жанайқайын жеткізді Отырар ауданы Шеңгелді ауылының тұрғыны Хамит Адасханов.

Ал осы ретте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы шіркейден зардап шегіп медициналық көмекке жүгінгендер жоқ екенін айтты.

Әкімдіктің хабарлауынша, дезинфекция жұмыстары Түркістан облысында наурыз айынан бастап жүріп жатыр. Жалпы аумағы 3663 га жер химиялық әдіспен және Сырдария өзеніне биологиялық әдіспен 2 кезеңмен суға төгу жұмыстары жүргізілген.

"Түркістан қаласы аумағында 386,4 га жер теліміне химиялық әдіспен 3 рет дезинсекция шаралары жүргізілді. Кентау қаласы аумағында 37,9 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары атқарылды. Арыс қаласы аумағында 279,23 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Арыс қаласынан өтетін Сырдария өзеніне 22680 литр бактицид препараты қолданылып, биологиялық әдіспен өңделді. Отырар ауданы аумағында 166,3 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары жүргізілді.

Отырар аумағынан өтетін Сырдария өзеніне 12960 литр бактицид препараты қолданылып, биологиялық әдіспен өңделді. Сауран ауданы аумағында 107,5 га жер теліміне химиялық әдіспен 2 рет дезинсекция шаралары қолға алынды. Шардара ауданы аумағында 243,8 га жер теліміне кардинал, фипрон препараттары қолданылу арқылы 2 рет дезинсекция шаралары өткізілді. Сонымен қатар Шардара аумағынан өтетін Сырдария өзенін өңдеуге 9720 литр бактицид препараты қолданылды", - дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі.

Айта кетейік, дезинфекция жұмыстарына 62 техника мен 77 адам жұмылдырылған.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018809-balalarga-obal-boldy-sirkeidin-syrmauynda-qalgan-turkistan-oblysynyn-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty-video/