Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Елге деген құрметім": ресейлік жігіт Астанада қазақ тілін тегін үйреніп жүр

Опубликовано:

Жазуға арналған кітап пен карандаш
Жазуға арналған кітап пен карандаш. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда қазақ тілін үйретуге арналған ерекше үйірме пайда болды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Үйірмеге қатысушылар тілдік кедергіні жеңу үшін қала көшелеріне шығып, тұрғындармен сөйлеседі. Ал қазақ мәдениетімен етене танысу мақсатында театр, кино, мұражайға барады. Тегін курс елдің 12 аймағында ұйымдастырылған.

Қазақ тілін үйрету бойынша үйірмеге түрлі жастағы азаматтар қатысады. Арасында шетелдіктер де бар. Мысалы, 17 жастағы Глеб Трифонов Ресейдің Сочи қаласынан келген. Ол геодезист болу үшін біздің елдегі колледжге оқуға түсуді жоспарлаған. Глеб білім беретін мемлекеттің тілін білуді міндет деп санайды.

"Менің атым – Глеб. Мен Ресейден келдім, Сочи қаласынан. Үйірмеге ашылғаннан бері келіп жүрмін. Қазақстанға деген құрметім үшін қазақ тілін меңгеруді жөн санадым. Клуб ұнады. Қызықты. Қазірдің өзінде үйренгенім аз емес", - деп әсерімен бөлісті үйірмеге қатысушы.

Үйірме Астанада ғана емес, Қостанайда да орналасқан. Арнаның хабарлауынша, Қостанай қаласының тұрғындарында мемлекеттік тілді үйренуге талпынысы жоғары. Сондықтан екі топқа 80 адам жазылған және үйірмеде сабақ аптасына 4 рет өтеді.

"3 айдан асып кетті. Нәтижесі жаман емес. Қазақ тілін білмейтін қатысушыларымыздың өзі қазір өздерін таныстырып, өздерінің қандай сүйікті іспен айналысатынын айта алады. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп білеміз", - Айгерім Төлепова, қазақ тілін үйрету үйірмесінің үйлестірушісі.

Аталған үйірме жыл басында "Менің елім – менің тілім" республикалық жоба аясында ашылған. Сабақтар кешкі уақытта да, демалыс күндері де өтеді. Арнаның мәліметіне сенсек, үйірменің ерекшелігі оның жаңа әдісінде. Тіл үйренуге ынтасы бар адамдар практикалық сабақта ән айтып, көшеге шығып халықпен тілдеседі.

"Ең жас қатысушы - 7 жаста. Ең үлкені - 70 жаста. Ешқандай шектеу жоқ. Шамамен Қазақстанда 1500 адам қатысады. Астанада, мысалы, әр сабаққа шамамен 20 адам келеді", - деп түсіндірді Яков Фёдоров, блогер "Менің елім – менің тілім" қозғалысын ұйымдастырушы

Тілді мәдениет арқылы меңгерту мақсатында үйірменің ұйымдастырушылары қатысушылармен бірге кино, театр, мұражайларға барады. Алдағы уақытта жоба авторлары еріктілерді тартуды көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018895-elge-degen-qurmetim-reseilik-zigit-astanada-qazaq-tilin-tegin-uirenip-zur/

pixel