Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында зауытта күйік шалған төрт жұмысшының туыстары науқастарды қалаға жеткізуді сұрады

Опубликовано:

ауыл ауруханасы
Кеңқияқ ауылдық ауруханасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысындағы Жаңажол кен орнында зауыттан шыққан өрттен зардап шеккен науқастардың туыстары көмек сұрайды. Айтуларынша, науқастарға көмек көрсету баяу ұйымдастырылған. Темір ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов оларды жеке қабылдап, ауыл ауруханасында жатқан науқастарды қалаға жеткізуге санавиация ұйымдастырылатынын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Туған бауырым ауруханада жатыр. Кеше 5-тен кете келдік. Үстіндегі киімдері жанған, өртенген. Басынан аяғына дейін күйік шалған. Аурухана қолындарында бар майды жағып жатыр. Сағат кешкі 22:30-дан кейін ғана аудан орталығынан дәрі келген. Оған дейін тек жақпамай жаққан. Санавиация неге сол жақтан алып кетпеді? Жаңажолдан 40 минутта әкелді. Олардың жанын ауыртты. Неге қалаға апармады? Не сұмдық? Аяқ-қолы жылымайды, тоңып жатыр. Бұл қалай болады? Жаны ауырады. Денесін 40 пайыз күйік шалған екен. Оқиға орнында жарылыс болған. Шала-жансар жатыр, дұрыс көмек көрсетілуі тиіс", - деді науқастың туысқаны Райхан Батанқызы.

Ауыл ауруханасының есігін күзеткен туыстары науқастарды қалаға жеткізуді талап етті.

"Менің күйеуім жатыр. Кеше кешкісін көрдім, содан кейін кіргізбеді. Қазір көмек сұрап келіп тұрмын. Кешеден бері хәл-жағдайын сұраған ешкім болмады. Санавиациямен алып кетуі керек орталыққа. Арада 18 сағат өтсе де, ауылдың ауруханасында жатыр", - дейді науқастың туысқаны Гүлзада Балғалиева.

Ақтөбе облысы
Зауытта болған өртте зардап шеккен жұмысшылардың туыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысының айтуынша, 1 мамыр күні Жаңажол кен орнындағы зауытта шыққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

""Семсер" ЖШС-нің өрт сөндірушілері оқиға орнына 3 минуттың ішінде жетті. Оның ішінде 4 техника, 20 адам. Олар өрттің шығу себептерін анықтамас бұрын гидранттарға көліктерді қойып, оларды суыту жұмыстарын бастады. Облыстық ТЖД-ға хабар келгеннен кейін Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан техника жіберілді. Өзіміз тікұшақпен сағат 05:00-де ұшып келдік. Өрт таңғы сағат 06:20-да толық сөндірілді. Қазір себептері анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бабы бойынша іс қозғалды. Біріншіден, күйік шалған кісілердің сауығып кетуін тілейміз. Солар арқылы өрттің шығу себебі анықталады", - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.

Темір ауданына жұмыс сапарымен барған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов науқастардың туыстарын жеке қабылдады. Ауыл ауруханасында жатқан науқастарды қалаға жеткізуге санавиация ұйымдастырылатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, 1 мамырда Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытында жеңіл көмірсутектерді алу қондырғысы өртенген еді. Өрт салдарынан күйік шалған 4 жұмысшы Темір ауданының орталық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019024-aqtobe-oblysynda-zauytta-kuiik-salgan-tort-zumyssynyn-tuystary-nauqastardy-qalaga-zetkizudi-surady/

pixel