Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жүргізуші куәлігі, шлем: Қазақстанда самокат иелеріне бірқатар шектеу енгізілмек

Опубликовано:

Самокат теуіп бара жатқан жасөспірім
Самокат теуіп бара жатқан жасөспірім. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжіліс депутаттары самокат жүргізушілеріне қатаң шектеу қоятын заң жобасын қабылдады. Құжат парламенттің жоғарғы палатасы – сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Екатерина Смышляева "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасында белгіленген жаңа нормалар туралы айтып берді.

Оның сөзінше, заң жобасына сәйкес электросамокаттар енді көлік құралы ретінде танылады.

"Жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін жететін электросамокаттар көлік қатарына жатады. Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз қозғала алады. Жаяу жүргіншілер жолымен жүру үшін электросамокаттың жылдамдыңы сағатына 6 шақырымнан аспауы керек және жаяу жүргіншілер ағынынығ жылдамдығымен жүруге ғана рұқсат етіледі.

Бұл жаңа көлік түрінің иелері мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы шешім болып табылады. Жаяу жүргіншілер жолындағы жылдамдықты шектеу азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Шектеуді енгізу айтарлықтай қиын болуы мүмкін, бірақ бұл жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілердің жылдамдығына тең және визуалды түрде анықталады", – деп түсіндірді депутат.

Депутаттың айтуынша, электросамокаттарға жол бөлігінің оң жақ шеткі жолағында, автобус жолағымен бірге бір қатарда жүруге рұқсат етілген. Дегенмен, ол үшін жүргізуші 18 жасқа толуы керек және міндетті түрде басына нық бекітілген шлем мен жарық шағылыстыратын киім киюге тиіс, оған қоса өзімен бірге кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек.

Сонымен қатар жүктер мен жолаушыларды электросамокатпен тасымалдауға тыйым салынады және жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстарда электросамокаттан түсіп, жаяу өтуге тиіс.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов палата отырысында елімізде мопед пен самокат жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы жиілегенін айтты.

"Самокат жүргізушілеріне құқықтық мәртебе беріп, қозғалыс тәртібі мен шектеулерді белгілеу қажет. Егер көлік жолында жүретін болса, онда тек оң жағында ғана жүруге тиіс екені және шлем болуы керектігі (мәжілістің қарауындағы заң жобасында – ред. ескерт.) анық көрсетілген, ал түнде – шағылыстыратын белгілер болуға тиіс. 18 жасқа толып, жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана оң жақпен жүруге болады", – деді ол.

Министрдің айтуынша, мұндай шаралар жол қозғалысына қатысушылардың, дәлірек айтсақ, ең алдымен жаяу жүргіншілер мен электросамокат иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Электросамокатқа мемлекеттік нөмірлерді енгізу жоспары әлі қарастырылмаған.

"Бүгінде бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ, бірақ алдағы уақытта қарастыратын боламыз, мұнда тек самокаттар ғана емес, мопедтер мен велосипедтер де бар", – деп түйіндеді ІІМ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019925-zurgizusi-kualigi-slem-qazaqstanda-samokat-ielerine-birqatar-sekteu-engizilmek/

pixel