Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Отбасыма көп көңіл бөлген жоқпын": Бердібек Сапарбаев зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі туралы айтты

Опубликовано:

Бердібек Сапарбаев
Бердібек Сапарбаев. Фото: facebook.com/Бердібек Сапарбаев

45 жыл мемлекеттік қызметте болып, түрлі лауазымдық міндетті атқарған, еліміздің бес бірдей облысына басшылық еткен Бердібек Сапарбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Мемлекет қайраткері сұқбатта зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі, отбасы, сондай-ақ жастарға ақыл-кеңесін де айтты.

– "Зейнетке шыққанда бұрын істей алмаған жұмыстарға көңіл бөлемін" деген едіңіз, ол қандай істер екенін айта аласыз ба?

– Бұрын отбасыма көп көңіл бөлген жоқпын. Олармен бірге бір жаққа шығып демалған емеспін. Екіншіден, денсаулығымды сақтау үшін спортпен айналысуым керек. Қазір ең кемі 15-20 км жүремін. Туысқандарымның жиындарына да барған емеспін. Қазір соның бәрін қайтарып жатырмын.

– Зейнетке шыққаннан кейін немен шұғылдануға кеңес бересіз? Бүгінгі ақсақалдар қандай болуы керек?

– Қартая білу керек. "Қарт біздің қазынамыз" деген сөз бекер емес. Ақсақал – ақсақал болуы керек. Елге, жастарға ақылын айта алса, елдің тыныштығы, тұрақтылығы, болашағы маңызды. Біз үлкенді сыйлаған қазақпыз. Ақсақалдар мемлекет басшысының саясатына қолдау көрсетуі керек. Қазақ, ұлт үшін деген намыс болуы керек.

– Билікте жүргенде ойға алған барлық жобаңыз жүзеге асты ма, аяқталмай қалған жұмыстар бар ма?

– Негізгі жобалар, ойлар жүзеге асты. Қазір өз жалғасын тауып жатыр. Бірақ қарқыны төмендеп қалған жұмыстар да жоқ емес. Жергілікті жерде менің әріптестерім, әкімдердің тарапынан бақылаудың, қолдаудың нашарлығы байқалады. Мынадай заманда халықты біріктіруге бағытталған жобалар керек. Әлеуметтік мәселелерді бірігіп шешуге тиіспіз.

"Парыз" деген қордың негізгі мақсаты сол болатын. Елге қызмет ету - әрбір қазақстандық азаматтың парызы. Мемлекеттегі шешілмей жатқан жұмыстарға көмектесу, халықтың жағдайының жақсаруына үлес қосуға жұмыла жұмыс жасауға тиіспіз. 2000 жылдары Түркістанның 1500 жылдық тойы өтті. Сол кездегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, сол кездегі үкімет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еді. Сол кісі өзі бақылауға алып, барлық өңір, барлық компания өз үлесін қосты. Осындай жобалар жалғасын табуы керек. Асар да - ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс. Ашаршылық, жоқшылық кезде бабаларымыз бірігіп, үйлер салған. Мұндай жұмыстар елді біріктіреді. Ең бастысы, жастар үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Әлеуметтік жауапкершілікті арттырады.

– Өзіңіз туралы түсірілген фильмде бауырыңыз сіз қызметте жүргенде жаныңызда болған кей адамның кетіп қалғанын айтты. Оларға не айтасыз?

– Әрине, ол - өмір. Оған ренжуге болмайды. Өмір болған соң неше түрлі жай болады. Ол адамдар тек аман болсын. Бәріне баға беруші Алла. Мен оларға ренжімеймін. Бір айтарым - сатқындар мен опасыздар ешқашан жақсы болмаған. Ол өмірлік тәжірибе.

– Бүгінде мемлекеттік қызметкерге талап жоғары. Сіздің кеңесіңіз?

– Ең бастысы - білім керек. Мемлекетте барлық жағдай бар. Әділ болу керек. Болашақты ойлау керек. Жауапкершілікті мойнына алып, жұмыс істеу керек. Әсіресе, жас министрлер мен әкімдерге жетпей жатқан нәрсе осы. Барлығын мемлекет басшысына итеріп қояға болмайды. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде осыны көрдік. Жастар өзіне жауапкершілікті алуға жүрексінеді. Бәрін мемлекеттің басшысы шешуі керек деп ойлайтын болсақ, онда министрлер, өкімет, әкімдер не үшін керек. Жауапкершілік керек. Жаны ашып қарау керек. Әр жас уақытты тиімді пайдалануы керек.

– Бердібек Машбекұлы, сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Сұқбаттасқан Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020714-otbasyma-kop-konil-bolgen-zoqpyn-berdibek-saparbaev-zeinetke-syqqannan-keiingi-omiri-turaly-aitty/

pixel