Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаевтың елден қашу оқиғасы: БАҚ Қырғызстанда төрт күдіктінің ұсталғанын хабарлады

Опубликовано:

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қырғыз ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қырғызстанның әскери прокуратурасы Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың шекарадан заңсыз өтуіне қатысты қылмыстық істі тергеуде. Бұл туралы 24.kg басылымы хабарлады.

Басылым өздерінің құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасап жазуынша, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Басылымның мәліметінше, растауды қажет ететін ақпаратқа сәйкес, бақылау-өткізу пункттерінің бірінде шекара қызметінің әскери қызметшісі Күдебаевтың Қырғызстан аумағында болуын заңдастырған.

"Одан кейін Серік Күдебаев "Манас" әуежайы арқылы Түркияға ұшып кеткен. Әскери прокуратура заңсыз көші-қон дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша төрт адам күдікке ілінген. Олар Бішкектегі №1 тергеу изоляторына қамалған", - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілердің бірі әскери қызметкер, қалғаны қарапайым тұрғындар.

Айта кетейік, Серік Күдебаев 2022 жылдың сәуір айының соңында қызметінен босатылып, сол жылдың мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді.

Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін Күдебаев сот отырысына тағы да келмей қалған соң прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

27 сәуірде Түркияға қашып кеткен Күдебаевтың ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені белгілі болды.

28 сәуірде Серік Күдебаевқа қаңтар оқиғасы бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен ол екі бап бойынша да кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол кезде Жетісу облысы прокуратурасының қызметкері Күдебаевтың шетелге бой тасалуы бойынша іс бөлек қаралатынын мәлім еткен еді.

Сондай-ақ Күдебаевтың шекараны заңсыз кесіп өтуіне байланысты қырғыз тарапы да қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021607-serik-kudebaevtyn-elden-boi-tasaluy-qyrgyzstanda-baq-tort-kudiktinin-ustalganyn-xabarlady/

pixel