"Көбі ем үшін алады": Ақтөбе облысында көпбалалы ана ешкіні табыс көзіне айналдырған
Жарияланған күні:
Ақтөбе обылсында 37 жастағы алты баланың анасы отбасын ешкі сүтімен асырап отыр. Жылына екі рет төлдейтін жануар көпбалалы отбасының табыс көзіне айналған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Науат Өтегенова ауылдағы дәріханалардың бірінен декреттік демалысқа шыққаннан кейін бос отырмау үшін ешкі бағуды жөн көрген. Бүгінде ол ешкіні табыс көзіне айналдырғандардың бірі.
Науат Өтегенованың айтуынша, қазір ешкілері суалған, дегенмен көп ұзамай дертке шипа сүтке ұзын-сонар кезек басталады.
"Қазір бәрі буаз. Ешкі - бір жылда екі рет төлдейтін, тез көбейетін мал. Былтыр кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында берілген 1 млн 250 мың теңгеге 6 ешкі алдым. Бүгінде лағымен бірге 15 бас болды. Сүтін сатып пұл қыламын. Сұраныс бар. Дәруменге бай ешкі сүтін көбі ем үшін алады. Тұрақты алатын адамдарым бар. 1 л ешкі сүті - 1000 теңге. Қыста оны 1500 теңгеден саттым. Себебі малдың жемі бар", - дейді ол.
Көпбалалы ана ешкі малын бағып, өнімін сату тиімді кәсіп екенін айтады. Оның сөзінше, ешкінің сүтінен бөлек, еті де сіңімді.
"Ешкінің ерекшелігі - берекелі, өсімтал мал. Оның үстіне күтім талғамайды, кез келген жағдайға жылдам бейімделеді", - дейді ол.
Науат Өтегенова қазіргі таңда отбасы осы ешкіден түскен табыспен күн көріп отырғанын да жасырмады.
"Балалардың несібесі болар, осы ешкіден тапқан ақшаға балаларға тамақ, киім, оқуға қажет заттар аламыз. Балалардың алды 15-ке келсе, кішкентайымыз 2 жаста. Қызым ешкі саууға әлі қорқады. Балалар тек жемін, суын беріп тұрады. Ауыл баласының бәрі еңбекке бейім. Шаруаны айтқызбай жасай береді", - дейді ол.
Айта кетейік, Ырғыз ауданында 284 шаруа қожалығы, 707 жеке кәсіпкер бар. Мұнда мемлекеттік көмегімен ісін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Ауылда ветеринариялық аптекадан бастап, сабын даярлау цехын жүргізіп отырғандар бар.
Материал авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021679-sutin-satyp-pul-qylamyn-aqtobe-oblysynda-kopbalaly-ana-eskini-tabys-kozine-ainaldyrgan/