Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қышыма болдық": Жамбылда аудан орталығын қоңыз басты (видео)

Жарияланған күні:

Жамбылда аудан орталығын қоңыз басты
Люстра айналасында қаптап жүрген қоңыздар. Скриншот: Instagram /kris.p.taraz

Жамбыл облысында бүтін бір ауылды қоңыз басып қалды. Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы саналатын Құлан ауылының тұрғындары жыбырлаған жәндік көбейді деп дабыл қақты. Бір көшеден шыққан қоңыз бен біте ауылға тегіс жайылып барады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыл халқы тарақан тектес жәндік ас үйден бастап, жатын бөлмелеріне дейін жайлап алғанын көрсетті. Тіпті көшеде де ұшып жүретіндіктен, балалары үшін қауіпті деп қорқады.

"Таңертең ғана сүртіп тазаладық. Балаға тамақ беріп отырып, осылай пітелермен жүреміз. Ұшып келе береді. Не сұмдық? Баланы қалай далаға алып шығасың? Қараңыздар. Бала жыбырлап отырмады. Түсірсем мынау. Үйде люстрада жүреді. Төбеде ұшып та жүреді, жыбырлап та жүреді. Үстімізге төбеден құлайды", – дейді видеодағы тұрғындар.

Құландықтар жәндіктер салдарынан жиі қасынып, қышыма болғандарын жеткізді. Олар азық-түлік пен көрпе-жастық арасында өріп жүрген қоңыздарды өз беттерінше дәрілеп көрген. Бірақ еш нәтиже бермепті.

Ашынған тұрғындар зиянкестердің көбеюіне ауыл ішіндегі диірмен себеп деп отыр. Оны қамбасымен бірге көшірмей қанатты қоңыздардан құтылмайтындарын айтады. Жергілікті билік тарапы да тұрғындардың сөзін сөйледі.

"Диірмен басшысына халықтың өзі бір ай уақыт берді. Мен ешқандай уәде бере алмаймын, тұрғындардың өзі қадағалайтын болады. Бұл мәселе бойынша біріншіден бір ай күтеміз. Екіншіден ешқандай нәтиже болмайтын болса, онда халықтың талабы бойынша сол қойманы ауыл сыртына шығарамыз", – деді ауыл әкімі Еркін Сейітжапаров.

Құлан халқы зиянкестерді көбейткен диірмен басшысы онсыз да ала жаздай шаңы басылмай жұмыс істейтініне наразы. Осыны айтып ашуға мінген ауылдықтар ауаны да, үй-жайды да тазартуын талап етіп, қамба қожайынына жүгінген. Жем тартатын кәсіпкер жергілікті тұрғындар талабын орындап, зиянкестерді жоюға кірісетінін айтты.

Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021981-qysyma-boldyq-zambylda-audan-ortalygyn-qonyz-basty-video/