"Жарты қасық та су ішпедік". Жамбылда 400 млн теңгеге ауыз су тартылған ауыл тіршілік нәрінен тарығуда
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында мемлекеттің миллиондарына ауыз су тартылған ауыл шөлдеп отыр. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу елдімекеніне осыдан үш жыл бұрын 400 млн теңгеге су тарту станциясы соғылған. Алайда құрылғы қосыла сала үш айдан кейін істен шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жарлысулықтар су тарту станциясы пайдалануға берілгенде таза суға қарық боламыз деп қуанған. Бірақ жер астынан шыққан тіршілік нәрі ащы болып, ішуге де жарамапты. Артынша аудандық атқамінерлер жер асты суының қоры таусылды деп, станцияны жауып тастаған. Алайда тексере келе, тендерді ұтқан мердігер ұңғыманы жеткілікті тереңдікке жеткізбегені анықталған. Қазір қыруар қаржы жұмсалған нысан пайдаға жарамай тұр.
Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт бүгінде ескі артезиан құдығын амалдап келеді. Алайда ол небәрі бір сағатқа қосылады дейді тұрғындар. Сондықтан кезектен қағылғандар суды сатып ішуге мәжбүр.
"Кәдімгі тұрмыстық насостар (су сорғысы - ред.) қойылған. Айналып келгенде ауылымызға жарты млрд теңге ақша бөлінді, бірақ әлі жарты қасық та су ішпедік таза судан", - дейді Жарлысу ауылының тұрғыны Азамат Сәмбетқұлов.
Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі бұл станцияның бітпес дауға айналғанын растап отыр. Алдымен жобаны қабылдап алған ауыл әкімі қызметінен кетіп қалған. Ал су сорғы станциясының құрылысына жауапты бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сөйтіп станцияның іске қосылу уақыты созыла түскен. Бірақ қомақты қаржыға салынған нысанның 5 жылдық кепілдігі бар дейді. Сондықтан қазір жобаны жаңадан жасап, жыл аяғына қарай ел игілігіне ұсынбақ.
"3 ұңғымаға жоба жасалып жатыр. Жоба жасалғаннан кейін 3 ұңғымадан су шықса шығады, шықпаса әрі қарай осының қорытындысымен құзырлы органдарға жүгінеміз", - дейді Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев.
Бірақ бұқара жыл аяғында соғылады дегенге сенбейді. Өйткені жобалардың әлі алты ай қаралатынын айтып отыр.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022109-zarty-qasyq-ta-su-ispedik-zambyl-oblysynda-400-mln-tengege-auyz-su-tartylgan-auyl-tirsilik-narinen-taryguda/