Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шет тілінің мұғалімдерін келін қып әкелген": Жастары қалаға көшпей тұрақтап қалған шалғайдағы ауыл туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Ақтөбе облысы Құтикөл ауылының мектеп оқушылары
Ақтөбе облысы Құтикөл ауылының оқушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының орталығынан ең шалғайда жатқан Құтикөл ауылының жастары қалаға көшкісі келмейді. Тұрғындар ауылдағы асфальт төселген төрт көшені күнделікті мал өріске шықаннан кейін сыпырып, мұнтаздай етіп ұстап отыр. 200-ден аса түтіні бар ауылдың тіршілігімен KAZ.NUR.KZ тілшісі танысып қайтты.

Ақтөбеде мыңнан аса тұрғыны бар алақандай ауылдың тәртібі өзгеше. Облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта жатқан ауыл жастарының дені қалаға көшпей тұрақтап қалған. Мұнда қызметте жүрген ауыл жастарына ерекше қамқорлық бар.

Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы
Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мектепте 40 жыл еңбек еткен ауыл ақсақалы Құтикөл жайлы ағынан жарылды. Айтуынша, ауылға газ бен су кіргеннен кейін тұрмыс жеңілдеген. Жаңадан салынған үйлер көп. Төрт көшедегі асфальтты мал шығарғаннан кейін тұрғындардың өздері сыпырып алады екен.

"Бұрын от жағатын едік, қазір газ келді. Ауыл өмірі жеңілдеп қалды. Қазір тазалыққа көп көңіл бөлеміз. Төрт көшемізде асфальт бар. Соны көзіміздің қарашығындай күтіп отырмыз. Ауыл тұрғындары асфальт үстін сыпырып алады. Енді ауылда мал бар. Бүлдіреді. Болашақта малды сыртқа шығарсақ деген ойлар айтылып жатыр.

Ауылдың жағдайы жақсы. Жастардың барлығы қаладағыдай тұрып жатыр. Әке-шешесінен бөлек шыққандары қалаға көшіп жатқан жоқ. Әп-әдемі қылып ауылға үй салып алғандар аз емес. Жастардың бәрі мал ұстайды. Бәрі де жанып тұр. Еңбек етеді, қора-қопсысы мұнтаздай", – деді ауыл ақсақалы Әбдісаттар Бейназар.

Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы
Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауылда бәрі жаңа. Еңселі ауыл клубы жұмыс істеп тұр. Мектеп ғимараты да соңғы он жылда жаңартылған. Ауылдың қақ ортасына салынып жатқан еңселі балабақша санаулы күнде пайдалануға беріледі.

Жарық бағаналары да жаңартылған. Аудан мен ауыл арасындағы 30 шақырымдай жолдың құрылысы жүріп жатыр. "Осындай жаңашылдықты көріп, еңсеміз көтеріледі" дейді ауыл азаматтары. Ауылда жаңа әкімдік ғимаратының құрылысы басталған. Ауыл жастары спорттық шараларда жиі бас қосады.

Телжан Шонанұлы атындағы мектеп ауылдағы білім ордасы ғана емес - мәдени орын. Ауыл мектебі аудандағы үздік үш мектептің бірі. Оқушылардың арасында республикалық, облыстық басқаулардың жүлдегерлері көп. Онда 223 бала оқиды.

"Бұл ауылдан Ұзақбай Құлымбетов, Телжан Шонанұлы, Тел Жаманмұранов секілді үш бірдей мемлекет қайраткері шықты. Ауылдың бұл ерекшелігін оқушыларға үнемі айтып отырамын. Мұндай құбылыстар 100 жылда айналып келеді.

Сендерден ғалым, президент шығады деп балаларды білімге ынталандырып, жаңашылдыққа қанаттандырамыз. Телжан Шонанұлы 1894 жылы өмірге келіп, 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілді. Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровпен бір жылы дүниеге келіп, бір жылы қайтыс болды. Ол кісі өте білімді, қайталанбас тұлға. Ол кісіден кіндіктен ұрпақ қалмаған. Бірақ осындағы әр бала "Шонанұлының ұрпағымыз" деп айтады", – деді Т. Шонанұлы атындағы мектеп директоры Венера Машина.

Ауылда "мектеп түлегінен 1 мың теңге" деген акция бар. Ауыл тұрғындарының өздері демеушілік ететін бұл акция көптеген әлеуметтік сұрақтарды шешіп отыр. Мектептің оқушысын киімдіруге, мұқтаж отбасыға қолдау көрсетуге пайдаланады.

"Сонау тоқсаныншы жылдары осы ауылға келін болып түскеннен бастап, мектепте жұмыс істеймін. Ауылдың көркеюі көңілге қуаныш әкеледі. Тұрғындардың көпшілігі жастар. Сондықтан болар жастың лебі сезіледі. Жаңашылдыққа құштар. Көп мұғалімдеріміз жаңа үй салып алды. Қазір жағдайлары қаламен бірдей. Газ, суы бар. Дәретханаға дейін үйге кіріп тұр.

Мұғалімдердің бәрі қыз-келіншектер емес, жартысы ер азаматтар. Бұл бала тәрбиесіне көп көмектеседі. Жігіттеріміз орыс тілі және ағылшын тілі пәні мұғалімдерін ауылға келін қылып әкелді", – деді мектеп директоры.

Ауылда 0 мен 5 жас аралығында 105 бала бар. Ауыл амбулаториясында, мектепте жұмыс істейтін келіншектердің баласы жасқа толысымен балабақшаға береді.

Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы
Ақтөбе облысы Құтикөл ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазір балабақшада 50 бала бар. Ауылдық жер болғаннан кейін келіндердің көбісі мұғалім, тәрбиеші, медицина қызметкері. Балалары 1 жасқа толғаннан кейін бізге өтінішін береді. Оларға осындай жағдай жасаймыз. Балабақшаға алынған 1 жастағы бүлдіршіндердің денінің аналары қызметте жүр", – деді "Айгөлек" бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Людмила Тәмпішева.

Ширек ғасырлық тарихы бар "Айгөлек" балабақшасының іші бүлдіршінге толы. Жастардың бәрі көпбалалы ата-аналар. Бұл ауылда жылына 20-дан аса сәби өмірге келеді. Санаулы күнде пайдалануға берілетін жаңа балабақша ауыл болашағының үміті болып тұр. Заманауи тұрғыда жабдықталған еңселі ғимарат балалар күніне орай пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022459-set-tilinin-mugalimderin-kelin-qyp-akelgen-zastary-qalaga-kospei-turaqtap-qalgan-salgaidagy-auyl-turaly-ne-bilemiz/