Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Семей орманы" табиғи резерватының басшылары 13 млн теңгеге дейін пара алғаны үшін сотталды

Опубликовано:

Конверттегі ақша
Конверттегі ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының" үш басшысы кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы арнасы хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, кеше, 29 мамыр күні Абай облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкімін жариялады.

"Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылды.

Олар заңсыз сыйақыны лауазымды тұлғаларға резерват аумағында санитарлық тазалау мен ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойғаны, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін берді", – делінген хабарламада.

Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталса, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар барлық сотталған тұлғалар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқару құқығынан айырылғаны айтылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, өткен аптада құтқарушылар Абай ауданындағы "Семей орманы" қорығында орман өртімен күрескен болатын. Өрт 22 мамырда шөп өртенген Ресей Федерациясының Алтай аймағынан қорық аумағына тараған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022567-semei-ormany-tabigi-rezervatynyn-bassylary-13-mln-tengege-deiin-para-algany-usin-sottaldy/

pixel