Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көп адам сынып қалады": 26 жастағы атыраулық жас ақын қатерлі ісікті қалай жеңгенін айтты

Опубликовано:

Рақымжан Орынбасаров
Рақымжан Орынбасаров. Фото: Рақымжан Орынбасаровтың жеке мұрағатынан

26 жастағы атыраулық жас ақын Рахымжан Орынбасаров үш жыл бұрын қатерлі ісікке шалдығып, дер кезінде көрсетілген ем мен ерік жігерінің арқасында аурудан айығып шыққан. Осы орайда ол аурумен қалай күрескенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Рахымжан Орынбасаров қатерлі дертке шалдықпас бұрын "Қазақ тілі және әдебиеті" мамандығын меңгеріп, жергілікті колледждердің бірінде ұстаздық қызметін бастаған. Жұмысқа орналаса салысымен жас маман шығармашылығын да қатар алып жүріп, қызметке белсене кіріскен.

Бірнеше өлеңі "Жайық толқындары", "Жастар жалынды шақ" жинақтарына енген. Сондай-ақ ол республикалық, аймақтық мүшәйралардың жүлдегері атанып та үлгерген.

Рахымжанның сөзінше, бір күні кенет денесінің әр бөлігінде бездер пайда болған. Бірақ оған аса қатты мән бермеген. Екі айдан соң денесіндегі ауырсынуды сезгеннен кейін ғана анализ тапсыруды жөн көрген.

"Үй ішімізбен қазақылыққа салынып "Көз тиген шығар, без шошынған болар" деп жүре беріппіз. Тексерілгеннен кейін ауыр дерт анықталды. Бірден Ақтөбе, Астана қалаларына бардық. "Болезнь Ходжкина" деген онкологиялық диагноз қойылды. Үшінші стадия екені анықталды. Ең алдымен, отбасыма, анама қиын болды. Бірақ миым ауруды қабылдамады. Уақытша сынақ деп қарадым", - дейді ол.

Рахымжан Астана қаласында алғаш рет химия алғаннан кейін арнайы аппараттан тексерістен өтіп, бойында ешқандай ауру жоқ екенін білген. Сол себепті әрі қарай емді жалғастырудан бас тартқан.

"Химия алу маған өте ауыр соқты. Шаштарым да түсе бастады. Күн сайын шашымды әсемдеп жүретін мен ондай сынақты психологиялық жағынан қиын қабылдадым. Аппарат жақсы нәтиже көрсеткесін емді тоқтатып, ауылға қайттым. Бірақ алты айдан кейін тексерілгенде рак клеткаларының қайта оянғанын айтты. Сол кезде емді жалғастыру үшін бірден Ташкент қаласына бет алдым. Ол жерде 12 химия алдым. Бәрі де жеңіл өтті. Нәтижесінде бойымдағы аурумен қоштастым", - дейді Рахымжан Орынбасаров.

Үлкен сынақты бастан өткерген Рахымжан бұл дерттен айығып шығатынына сенгенін айтады. Оның сөзінше, жазылып шығуына халықтың да септігі тиген.

"Әуелі Алланың, одан кейін халықтың көмегімен аяққа тұрдым. Сбор ашылып, қазақстандықтардың арқасында еміме 10 миллион теңге қаражат жиналды. Халықтың ақшасы да тез жазылуыма үлкен жауапкершілік және мотивация болды", - дейді ол.

Рахымжан ауру туралы ойламас үшін ем алудан кейінгі бос уақытта Ташкентті, Қазақстанның басқа қалаларын аралап ойын бөлгенін де атап өтті.

Рақымжан Орынбасаров
Рақымжан Орынбасаров. Фото: Жеке мұрағаттан

"Ең бастысы ауруды миға өткізіп алмау керек. Көп адам мұндай диагноз қойылғаннан кейін "болды, өлемін" деп психологиялық тұрғыдан бірден сынып қалып жатады. Менің бір көзім бала кезімнен көрмейді, III топ мүгедегімін, осыдан 3,5 жыл бұрын мини-инфаркт алып, бір жағым істемей қалған кез де болды. Сондықтан онкологияға да өмірімнің бір кезеңі ретінде қарадым.

Көлік айдауға фобиям бар еді. Осы дертке шалдығып ауырып жатқан кезде: "Айығып шыққаннан кейін міндетті түрде көлікке отырамын", - деп өз-өзіме сөз бергенмін. Сол арманымды жақын күнде орындайын деп отырмын. Табысымды жинап көлік алдым, нөмірі де дайын. Енді бірер күнде рөлге отырамын. Өмір – сынақ. Ең бастысы – сынып кетпеу", - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Рақымжан өз қызметіне қайта кіріскен. Сондай-ақ ол энергетикалық сусындардан, фаст-фудтан бас тартып, оларды толықтай табиғи тағамдарға, шұбат, саумалға ауыстырған. Себебі, қатерлік ісік дұрыс тамақтанбаудан да пайда болуы мүмкін деген ойға келген.

"Студент кезімнен энергетикалық сусындарға әуес болдым. Жұмыс кезінде жиындарға, жобаларға дайындалу үшін күні-түні ұйықтамай, тек энергетикалық сусынмен жүрген кездер болды. Одан қалса фаст-фудқа да әбден үйреніп алдым. Осы ауру маған жабысқан кезде, "Неден болуы мүмкін?"- деп себебін іздегенде, дәрігерлер тарапынан түрлі болжамдар айтылды. Ең әуелі дұрыс тамақтанбау, одан қалса режимнің бұзылуы дегенге тоқталдық. Өйткені мұндай ауру менің тұқымымда мүлде болмаған", - деп сөзін аяқтады Рахымжан Орынбасаров.

Материал авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022684-aurudy-miga-otkizip-almau-kerek-atyraulyq-zas-aqyn-qaterli-isikti-qalai-zenip-syqqanyn-aitty/

pixel