Қазақстандағы ең алып адам бастап шықты: ұлттық киім киген 1000-ға жуық атыраулық шеру өткізді
Жарияланған күні:
Рәміздер күні қарсаңында Атырау тұрғындары ұлттық құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатында шеруге шықты. 1000-ға жуық атыраулық екі шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Қала тұрғындарына ұлттық үлгідегі сәнді киім-кешектерді көрсетейік, насихаттайық деген бастамамызды қарапайым жандар, 70-тегі қариядан бастап, 5 жастағы балаға дейін, ақ жаулықты зейнеткер апаларымыз да қолдап, арнайы келіп отыр.
Рәміздер күні қарсаңында ұлттық құндылығымызды насихаттау барысында осындай шараны өткізуді жөн көрдік", – дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Ұлттық киім киген бір топ жұртшылық орталық Исатай – Махамбет алаңынан бастап, Сәтпаев көшесімен жүріп өтіп Бейбарыс алаңына дейін жетті.
Топты Қазақстанға танымал атыраулық алып жігіт Парасат Нұрғалиев еліміздің көк байрағын желбіретіп, бастап шықты.
Айта кетейік, Парасаттың бойы 218,5 сантиметр, салмағы 150 келі. Ол Қазақстанның рекордтар кітабына "Елдегі ең алып адам" болып енген.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023153-qazaqstandagy-en-alyp-adam-bastap-syqty-ulttyq-kiim-kigen-1000-ga-zuyq-atyraulyq-seru-otkizdi-foto/