Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер көпбалалы отбасына арнап салған үйдің кілтін табыстады

Жарияланған күні:

Төрткүлдіктер тұрғызған баспана
Төрткүл ауылы мектебін 20 жыл бұрын бітірген азаматтар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Түркістан облысы Төрткүл ауылының түлектері жалғызбасты көпбалалы анаға арналған үйдің құрылысын аяқтап, жақында кілтін табыстады. Ордабасы ауданындағы орта мектептен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер бұл үйді екі айда салып бітірген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Игілікті іске Төрткүл ауылының 1985-1986 жылы туған азаматтары Құлтасов Бағлан, Керімбеков Нұрбол, Архабаев Дәулет, Шериев Руслан, Батанов Бағлан, Кенжебаев Хамит, Берік Айдаров, Қожатаев Мұрат, Бақтияр, Базарбаев Абай, Жанәбілов Асқар, Мұхтар сынды сыныптастар жұмылып, баспана  құрылысының сапалы жүргізілуіне бас-көз болған. 

Төрткүлдіктер тұрғызған баспана
Төрткүл ауылының азаматтары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ләззат жеңгеміз төрт баланы жалғыз өзі бағып-қағып отыр. Балапандарға қуаныш сыйлағымыз келді. Төрт баланың үшеуі мектепте оқиды. Кішкентайы балабақшада. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елдің ұрпағымыз ғой. Мектептен түлеп ұшқанымызға 20 жыл толуын осындай қайырымды іспен айшықтағымыз келді. Сөйтіп алты сынып түлектері осы бастамаға біріктік. Алғашында шамамыз жеткенінше үйді салып береміз дегенбіз. Шүкір, баспананың құрылысын аяқтап, үй ішіне кілем мен жиһаз алып бердік. Үйді табыстау кезінде дастархан жайып құран оқыттық", - дейді түлектерді ұйымдастырушылардың бірі Бағлан Құлтасов. 

Әкімдіктің хабарлауынша, бұл Ордабасы ауданы Төрткүл ауылындағы биылғы қайырымдылықпен берілген екінші баспана. Биыл Рамазан айында бүкіл ауыл боп бірігіп, ортадан қаржы жинап, мұқтаж жанға үй сатып алып берген. 

Авторы: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023600-turkistan-oblysynda-20-zyl-buryn-mektep-bitirgen-tulekter-kopbalaly-otbasyna-arnap-salgan-uidin-kiltin-tabystady/