Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тамашаны" құрған ақын Қойшығұл Жылқышиев дүниеден өтті

Жарияланған күні:

Қойшығұл Жылқышиев
Қойшығұл Жылқышиев. Фото: Қойшығұл Жылқышиевтің Facebook парақшасы

Бүгін, 6 маусым күні ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы қаза туралы жергілікті ақын, Қойшығұл Жылқышиевтың жерлесі Әлия Даулетбаева жазды.

"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой", - деп жазған Әлия Даулетбаева әлеуметтік желідегі жазбасында.

Қазақстанға танымал ақын Қойшығұл Жылқышиевқа "Тамаша" ойынсауық отауын ашқаны үшін (Л. Есеновпен бірге) авторлық куәлік берілген. Сондай-ақ оны халық Атыраудағы айтыстардың ұйымдастырушысы ретінде таниды.

"Қойшығұл Жылқышиев ұйымдастырған жыр додаларында студент кезімнен бері айтысамын. 15 жылдан бері Атырау елінде айтыс тұрақты өтіп келеді. Өз көрермені де бар. Оған осы Қойшы ағаның еңбегі сіңді. Атыраудан шыққан шәкірттері бүгінде республикалық аламандарда топ жарып жүр, қаншама ақындардың жыр кітаптары жарық көрді. Атырау мәдениетінің көтерілуінде Қойшығұл Жылқышиевтың еңбегі зор. Бүгін кенеттен ұстазымыздан айырылып қалдық. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын",- дейді Жылқышиевтың шәкірті, журналист Нұрбейбіт Нұғманов.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген.

1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеген.

"Тұңғыш" (1978), "Мұңкітап" (1998), "Асаукер" (2001) жыр кітаптарының авторы. М. Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А. Байтұрсынов атындағы сыйлығын алған (1996).

Ол бүгінгі күнге дейін Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды.

Авторы Әйгерім Сайқын

Атырау облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023633-tamasany-qurgan-aqyn-qoisygul-zylqysiev-dunieden-otti/