Меншігіндегі үйі депутат Жигули Дайрабаевқа заңсыз сатылды деген жамбылдық тұрғын сотта жеңді
Жарияланған күні:
Желіде мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевқа тұрғын үйді заңсыз сатып алды деп айып таққан адам осы іс бойынша сотта жеңгені туралы ақпарат пайда болды. Іске қатысты Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық сотының баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Telegram-дағы Pravo.kz арнасының хабарлауынша, Саит Рузиев өзінің бұрынғы әйелі мен Жигули Дайрабаев арасындағы тұрғын үйді сатып алу - сату мәмілесінің күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Сот талапарызды толығымен қанағаттандырған.
Бұл істің мән-жайын білу үшін портал тілшісі Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық сотына сұрау салды. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, сот Р.С. мен Р.Ф. есімді ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігіне меншік құқығын тану туралы істі қараған.
"Тұрар Рысқұлов аудандық сотына талап қоюшы Р.С. жауапкерлерге тұрғын үйді сатып алу - сату туралы 2021 жылғы келісімшарт негізіндегі мәмілесін жарамсыз деп тану, ерлі-зайыпты Р.С. пен Р.Ф. арасындағы жылжымайтын мүлікті бірлескен ортақ мүлік деп тану, Меркі ауданында орналасқан жылжымайтын мүліктің ½ бөлігі мөлшерінде Р.С.-тың үлесін анықтау туралы талап арызбен жүгінді", - делінген хабарламада.
Іс материалдарымен анықталғандай, талап қоюшы мен жауапкер Р.Ф. 2002 жылдан бастап некеде тұрған және 2017 жылы некені бұзу туралы шешім шыққан.
"Ал 2021 жылы Р.Ф. пен жауапкер Д. арасында талап қоюшының келісімінсіз бірлескен ортақ мүлік - тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі рәсімделген.
2022 жылы некені бұзу туралы істі қарау кезінде талап қоюшының қатыспауына байланысты Жамбыл облыстық сотының ұйғарымымен 2017 жылғы некені бұзу туралы шешімнің күші жойылған. Ерлі-зайыпты арасындағы неке ресми түрде 2022 жылы ғана бұзылған", - дейді аудандық соттың өкілдері.
Сол себепті, соттың шешіміне сәйкес, даулы мүлік бірлескен ортақ мүлік екені іс материалдарымен расталып отыр.
Сот отырысында анықталғандай, 2007 жылы даулы объект жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шешімі негізінде жауапкерге тіркелген.
Сот жауапкер даулы мүлікті сатқан кезде талап қоюшының нотариалды куәландырылған келісімін алмағанын анықтаған, бұл талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығаруға негіз болған.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, "Неке (ерлі - зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің талаптарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезіңінде алған мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі болып саналады. Ерлі-зайыптының бірі жылжымайтын мүлікке билік ету бойынша мәміле жасау үшін басқа жұбайының нотариалды куәландырылған келісімін алу қажет.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024068-mensigindegi-uii-deputat-ziguli-dairabaevqa-zansyz-satyldy-degen-zambyldyq-turgyn-sotta-zendi/