"Аяқ басар жер жоқ": Ақтөбе облысында 600 мың гектардан астам жерді италиялық шегіртке басып алды (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысының алты ауданында шегірткемен күрес жұмыстары жүріп жатыр. Зиянкестер шалғайдағы ауыл тұрғындарының мазасын қашырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының ауылдарында шегіртке мен жөндіктердің көбейіп кеткенін жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде жарыса жазуда. Жергілікті тұрғандардың айтуынша, үйірімен ұшқан зиянкестер ауылдың ішіне кіріп кеткен.
"Ырғыз ауданы Құмтоғай, Қарақұдық ауылдарына шегірткелері үйірі жағалап, аяқ басар жер жоқ", - дейді Нұржан есімді ауыл тұрғыны.
Шегіртке әсіресе Әйтеке би ауданында көп. Мұны мамандар да растайды.
"Бүгінге дейін аудан бойынша 444 мың гектардан астам жерді өңдеу жоспарланған. АН-2 ұшағы, үш дельтаплан, алты Гарт және УАЗ көлігінің төртеуі жүр. Биыл жер өңдеу көлемі көп. Былтыр 220 мың гектар өңделді. Шегіртке де көп. 23 мамыр күні алғаш рет шегіртке шығып жатыр деген ақпарат түсті. 30 мамырда улау жұмысы басталды. 4-5 жылда шарықтау шегі болады дейді ауылдарда. Аққұм, Сарбұлақ - құмды аймақ. Шегіртке жұмыртқасын құмға салып, тез тарайды. Құмға көлік бара алмаған соң ұшақтар жіберілді. Басқа ауылдарда да бар. Бірақ ең көбі осы ауыл. Кеше 102 мың гектар жер уланды. Жүргеновтің өзінде дауыл, жел. Ол кезде уламайды. Нәтиже болмайды", - дейді Әйтеке би ауданы әкімінің міндетін атқарушы Арман Алдаберген.
Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы қазір өңірдің алты ауданында улау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Биыл шегірткенің көбейіп кетуіне байланысты өндеу жұмыстарының да аумағы артқан.
"Әйтеке би , Ойыл, Темір, Хромтау, Шалқар, Ырғыз секілді алты ауданда өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде италияндық шегіртке 647 145 гектар, азиялық шегіртке 21 870 гектар жерге тараған. Химиялық өңдеу Шалқар ауданында 22 мамыр күні, Ырғыз ауданында 23 мамыр, Ойыл ауданында 26 мамыр, Әйтеке би ауданында 31 мамыр және Темір, Хромтау аудандарында 1 маусым күні басталды. Қазіргі уақытта 11 жер үсті желдеткіш бүріккіштер, он аэрозольдық генератор, үш ұшақ АН-2, үш аса жеңіл ұшақ химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Химиялық өңдеу жұмыстары қатаң бақылауда", - дейді мемлекеттік инспекциясының өкілі Арыстан Жакибаев.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024593-ayaq-basar-zer-zoq-aqtobe-oblysynda-600-myn-gektardan-astam-zerdi-italiyandyq-segirtke-basyp-aldy-video/