"Мың теңгеге бір баспана": Арыс тұрғындары бірігіп ақша жиып, сегіз балалы отбасына үлкен үй әперді
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындары көпбалалы отбасына алты бөлмелі үй алып берді. Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер осы игі істі қолға алып, жерлестерін қайырымдылыққа жұдырықтай жұмылдырған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Отбасындағы сегіз баланың ең үлкені 14 жаста болса, кішілері 2 жаста. Қайырымды іске Арыстағы орта мектепті 2003 жылы бітірген төрт сыныптың түлектерімен бірге қаланың мейірімді жандары атсалысқан.
"Төрт сыныптың жігіттері 5 млн теңге ақша жинадық. Арыстықтардың Telegram желісінде ортақ чаты бар. "Мың теңгеге бір баспана" деп аталады. Онда мыңнан аса адам тіркелген. Біздің бастамамызды қолдап, сол каналдың өзінен 3 млн 380 мың теңге жиналды. Ресми "Қолғабыс" деген қор бар. Аталған қор 500 мың теңге қосты. Бас-аяғы 8 млн 880 мың теңге жиналды. Он миллиондық үйді саудаласып жүріп 8 миллион теңгеге келістіріп сатып алдық. Үйдің іші-сыртына жөндеу жүргіздік. Қорасының еденіне бетон құйдық. Қабырғасын шлакоблокпен қайта тұрғыздық. Дарбазаға дейін ауыстырдық", - дейді Ерзат Көшкінбаев.
Арыстықтар алты бөлмелі үйді толық жөндеуден өткізіп, жаңғыртып, үйді барлық қажетті тұрмыстық техникамен жабдықтап берген. Мектепті жиырма жыл бұрын бітірген 4 сыныптың жігіттері барлық жөндеу, құрылыс жұмыстарын асарлатып өз қолдарымен істеген.
Қажетті жиһазын жабдықтап , кілем, көрпе төсегіне дейін жаңартуға көптеп көмектескен де арыстықтардың өздері.
Мәселен, ауылдың дәнекерлеушілері үйдің қақпасын жасап берген. Қайырымды істі ұйымдастырып жүрген Батырбек, Мұса, Сырлыбек, Ерзат есімді Арыстың белсенді азаматтары екен.
"Екінші Арыс деп аталып кеткен мөлтекаудан бар. Сол жақтың жігіттері 200 мың теңге жинап берді. Балаларға ол ақшаға 6 велосипед және ұялы телефон алдық. Басқа да қайырымды жерлестеріміздің арқасында балаларға үш-төрт жаңа киім әпердік. Аналарына да киім алдық. Түлектер өзара келісіп осы отбасы әбден аяққа тұрып кеткенше сыныптастар қыстық отынын, көмірін алып береміз деп ниеттеніп отырмыз. Осы қайырымдылық іс-шараның арқасында ауылдың азаматтарының, яғни біздің ауызбіршілігімізде нығайа түсті", - дейді Ерзат Көшкінбаев.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024689-myn-tengege-bir-baspana-arys-turgyndary-birigip-aqsa-ziyp-segiz-balaly-otbasyna-ulken-ui-aperdi/