Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төбесінен су кетеді": Ақтөбе облысында құрылысы аяқсыз қалған мектеп жұмыс істеп тұр (фото)

Жарияланған күні:

мектеп ғимараты
Құрылысы бітпеген мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы орталығындағы 300 орындық мектеп-гимназиясының жағдайы мүшкіл. Құрылысқа бөлінген бюджет қаражаты талан-таражға түсіп, құрылысы аяқсыз қалған. Жергілікті билік оқушыларды ғимарат құрылысы аяқталмай кіргізуге мәжбүр болды. Олқылықтардың қашан түзелетінін жауапты мекемелер нақты айта алмай отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Білім ордасының құрылысын жүргізу кезінде 63 млн теңгеге залал келтірген мердігер компания жауапқа тартылған. Қазір құрылысы аяқталмаған мектепте 500-ден аса бала оқиды. Оқушылар екі жылдан бері төбесі тесік мектепке баруға мәжбүр.

"Жаңбыр жауса спорт зал төбесінен су кетеді. Көктем-кұз айларында қиын. Төбеде ашық қалған жерлер көп. Былтыр өз күшімізбен смола құйдық. Бірақ ол жеткіліксіз. Бұл жағдайдан облыс әкімі де хабардар. Балалардың оқу кабинеттерінен су кетеді. Кейбір құралдар талапқа сай емес. Сырттағы стадионды жасалмағаннан кейін пайдалана алмай отырмыз. Төсеніштері жоқ. Жабдықталмаған. Жарықтандыру жұмыстары аяқталмаған. Кемшіліктерге қарамастан бала қабылдап жатырмыз", - дейді Ырғыз аудандық мектеп-гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова.

спортзал
Спортзал. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Білім бөлімінің хабарлауынша, 2016 жылы үш ауысымдық Ырғыз гимназиясының мәселесін шешу мақсатында 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп салу жұмысы басталған. 2019 жылы ғимарат құрылысы толық аяқталмаса да облыс әкімінің қаулысы негізінде пайдалануға берілген. Бірақ мектеп әлі күнге дейін балансқа алынбаған, иесіз тұр.

"Бұл мектеп аудандық білім бөлімінің балансына алынған жоқ. 63 млн теңгенің заты жоқ, жұмыс аяқталмаған. Пәндік кабинеттері жоқ", - дейді Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алданов.

стадион орны
Құрылысы аяқталмаған стадион. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Мектепке қатысты облыстық білім басқармасы да пікір білдірді. Ақтөбе облыстық білім басқармасының жаңа басшысы Жайық Сұлтан аталмыш мектепке қатысты төмендегідей кемшіліктерді тізіп берді:

- Мектеп ғимаратының екінші қабатына су бармайды. Кәріздері дұрыс қосылмаған. Сырттағы септик суы ішке қарай қайтып тұрады.

- Екінші қабаттың төбесінен жауын сулары ағуда.

- Спорт залдың душы, дәретханасы істемейді.

- Асхана блогында ақаулар бар. Пештің біреуі жұмыс істемейді, кәріз желілері жасалмаған, ауа сорғыш қосылмаған. Ыдыс жууға арналған машинкалар тоққа қосылмаған.

- Ғимараттың сырты толық қапталмаған, плиталары түсіп, құлап жатыр.

- Спорт алаңы жасалмаған.

- Сыртқы жарықтандыру жұмысы жасалмаған.

- Интернатта кәріз су қарастырылмаған, жылы су мүлдем жоқ.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, алдағы уақытта аяқталмаған жұмыстарға қаражат сұралып, мәслихатқа өтінім беріледі.

Ал Ырғыз ауданындағы 21 мектептің жартысы ескі. Ширек ғасыр бұрын қамыстан салынған төрт мектеп әлі күнге жаңармай тұр. Шпалдан, саманнан салынған мектептер бар.

Аудандық білім бөлімінің басшысы 40 жыл жыл бұрын қамыстан салынған білім ордалары қашан жаңаратынын айта алмады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024770-tobesinen-su-ketedi-aqtobe-oblysynda-qurylysy-ayaqsyz-qalgan-mektep-zumys-istep-tur-foto/