Шымкентте Елена Малышеваның медицина орталығы ашыла ма: қала әкімі жауап берді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде танымал ресейлік дәрігер, тележүргізуші Елена Малышева "Шымкентте медициналық орталық ашпақ" деген қауесет тараған. Мекеме маңдайшасындағы жарнамаға қатысты сұраққа бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Брифингте БАҚ өкілдері Шымкент қаласының әкімінен желіде пайда болған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.
Мұрат Әйтеновтің сөзінше, ресейлік дәрігер Елена Малышеваның клиникасын ашу туралы ешқандай өтініш түспеген не басқа да ресми тіркеу болмаған. Жеке кәсіпкердің міндетті құжаттарсыз өз бетінше жарнама қағазын іліп қойғаны белгілі болған.
"Арнайы рәсімдеуден өтіп, тіркелсе ғана ономастика қарайтын болады. Әзірге мұндай өтініш не басқадай құжат түспеген. Сондықтан бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі ерте. Лицензиясы жоқ, медорталық ашылмайды", - деп жауап берді Мұрат Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, Шымкентте биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылған. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайған.
"Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға, нәресте өлімі 20,6 пайызға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген. Қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 200 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда", - дейді қала әкімі.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024938-symkentte-elena-malysevanyn-medicina-ortalygy-asyla-ma-qala-akimi-zauap-berdi/