Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Енем көңілімнен шығуға тырысады": Стамбұлға келін болып түскен қазақ қызы жаңа отбасы туралы айтты (фото)

Жарияланған күні:

Айғаным Мұхитқызының отбасы
Айғаным Мұхитқызының отбасы. Фото: Айғанымның жеке мұрағатынан

Алматылық Айғаным Мұхитқызы осыдан бір жыл бұрын Стамбұлға, түрік отбасына келін болып түскен. Елінен, туған туысынан жырақта жүрген қазақ қызы жұбайымен таныстығы, жаңа отбасына қалай үйреніскенін, барған жері келін ретінде оны қалай қабылдағаны туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Айта кетерлігі, Айғаным - қаңтар оқиғасы кезінде жәдігерлерді сақтап қалуда батылдық танытқан Мемлекеттік орталық музей қызметкері Бибігүл Дәндіғараеваның қызы.

Айғаным балалық шағын әпкесімен бірге ауылдағы ата-апасының қолында өткізгенін айтады.

"Ата-анамыз Алматыда қызметтегі адамдар болғандықтан ауылда - Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылына жақын Көкжиде деген жерде ата-апамыздың қолында өстік. Кейіннен ата-анамыздың жанына келдік.

Әкем марқұм Мұхит Ержанов жоғары білімді металлург болған. Ал анам - Бибігүл Дәндіғараева, тарихшы, өз мамандығы бойынша Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда қызмет атқарған. Қаңтар оқиғасында құнды жәдігерлерімізді сақтап қалған батыр ана", - дейді өзін таныстырған Айғаным.

Айғаным Мұхитқызының отбасы
Айғаным анасымен және жаңа отбасымен бірге. Фото: Айғанымның жеке мұрағатынан

Айғаным болашақ жарымен шетелде оқу барысында танысқан. Қазақстанда журналистика мамандығын оқыған ол кейін Еуропаға магистратура бағытында білім алуға аттанған.

"Венгрия астанасы Будапешт қаласында оқыдым. Жұбайыммен Еруопада оқуда болғанда онлайн таныстық. Бастапқыда ол менің суретімді ұнатып, маған жазған. Кейіннен екеуміз жеті ай бойы қашықтан сөйлесіп жүрдік. Содан соң тағы да магистратурада оқуға Стамбұлға келдім. Осында жолығып, таныстығымыз жалғасты", - дейді ол.

Айғанымға түрік елінің азаматына тұрмысқа шығуға отбасы қарсылық білдірмеген. Айтуынша, жастайынан шетелде оқуда жүргендіктен отбасы оған толықтай сенім артқан.

Осы ретте Айғаным түрік отбасына келін боп түскен алғашқы айлары туралы айтып берді.

"Әрине маған үйреншікті емес нәрселер көп болды. Біздің ұлтымызда, Қазақстанда "келіндік қызмет" деген ұғым бар. Түркияда керісінше енем менің көңілімнен шығуға тырысады, біз келген кезде барлығын өзі жасайды. Сол жағдай маған өте қызық болды. Ата-енем маған өз салтын түсіндірді. "Әркімнің өз ошағы бар, сендер бөлек тұрасыңдар, менің бөлек ошағым бар, сендер келген кезде күтіп аламыз, сен өз үйіңде маған қызмет атқарасың", - деді. Уақыт өте келе оған үйреністім. Қазақта "Барған жеріңе тастай батып, судай сің", деген сөз бар ғой. Сондықтан ол кісілер менен не талап етті, қалай үйретті сол кісілердің ығына қарай жүруге тырыстым", - дейді Айғаным.

Айғаным Мұхитқызының отбасы
Айғаным отбасымен бірге. Фото: Айғанымның жеке мұрағатынан

Дегенмен алысқа ұзатылған Айғаным бастапқыда төркінін сағынып, жалғызсырағанын жасырмайды.

"Бірақ келе-келе түрік отбасым мені өз қызындай қабылдап, өзімді келін ретінде сезіндірмеді. Енем - өте мейрімді, мінезі жұмсақ, өте жақсы кісі. Сондықтан сол кісілердің арқасында төркінім алыста екенін осы күнге дейін сезінбедім", - дейді Айғаным.

Айғаным былтыр қаңтар оқиғасы кезінде Стамбұлда болған. Жағдайды естігенде анасымен хабарласа алмай, жанын шүберекке түйіп отырған.

"Оқиға туралы аяқ асты хабардар болдық. Байланыс болмады, қатты уайымдадық. Қазақстанда телефон, интернет бірнеше күнге өшірілгендіктен анаммен байланыса алмадым. Осы жақта түрік отбасым, жұбайым уайымға салындық. Арнайы ақылы бағдарлама арқылы бір-екі секундқа хабарласып үлгергенім бар. Сонда "мамам тірі ме" деп сұрадым. Бір секундта "иә, тірі" деген сөзді естідім. Сол жағдайдың тезірек реттелуін, бәрінің орнына келуін күттік. Президент анамның ерлігін ескеріп, орден беріп, көкке көтеріп жатыр.

Анамызға "балаларың бар, басыңды неге осындай қатерге тіктің", деп ренжіген де едік. Бірақ отанына деген сүйіпеншілік, 20 жылдан артық жұмыс істеген жеріне деген адамдық борышы, өз ісін сүйіп жасағанын келе-келе түсіндік", - дейді ол.

Айғаным Instagram-да келіндік өмірі жайлы блог жүргізеді. Өз сөзінше, оның әр видеосын оқырмандары түрік сериалындай күтеді. Бірақ оған теріс пікір жазатын желі қолданушылары да бар көрінеді.

"Жалпы, менің парақшам отбасылық, махаббатқа толы, жылы. Хейтерларға қарағанда жақсы адамдар көп. Бірақ, әрине, теріс пікір жазатындар да бар. Ең жиі кездесетін теріс пікірлер: "Сен өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шықтың, ақша үшін кеттің, қалталы азаматқа шықтың" дейді. Ашығын айтсам, мен ешқашан ақшаға мұқтаж болған емеспін. Түркияда қарапайым отбасына келін болып түстім. Біздің арамызда шынайы махаббат, ешқандай ақшаға, алтынға сатып алмайтын шынайы сезім бар", - дейді Айғаным.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025379-enem-konilimnen-syguga-tyrysady-stambulga-kelin-bolyp-tusken-qazaq-qyzy-zana-otbasy-turaly-aitty-foto/