Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір күнде 10-15 қой қырқамын": Ақтөбе облысында ауыл өмірін дәріптейтін этнофестиваль өтті

Опубликовано:

Қой қырқу сайысына қатысушы
Қой қырқу сайысына қатысушы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының Қобда ауданында ауыл өмірінің тынысын көрсеткен этнофестиваль өтті. Киіз үйлерден этно ауыл тігіліп, қой қырқу, қасапшылық, табақ тарту сынды сайыстар ұйымдастырылды. Ауыл балалары қозы, палуан қыздар иыққа салып қой көтерді. Ер азаматтармен бірге қой қырқу сайысында барын салған келіншектер де бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының Ресеймен шекаралас Жиренқопа ауылында киіз үйлерден этно ауыл тігілді. Шарада 100 келі болатын асыл тұқымды "қошқарлар көрмесі", "қой қырқу", "ең үздік қасапшы" сайыстарынан бөлек, келіншектер "табақ жасау" дәстүрлерін көрсетіп, қонақтарға иіліп сәлем етіп, көптің батасын алды.

сәлем салып тұрған келіндер
Сәлем салып тұрған келіндер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қой қырқу жарысында бір қойды 4 минут 50 секунд ішінде қырқып үлгерген Фархат Оразымбетов бірінші орын алды.

сайысұа қатысушы
Сайысқа қатысушы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бала кезден қой қырқамыз. Қол үйреніп кеткен. Қолдан жасалған қазақы қайшым бар. Мұны ауыл шеберлері дайындайды. Бес жасымыздан бастап қой бақтық. Қазір бір күнде жүз қойға дейін қырқа аламын", - дейді Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Фархат Оразымбетов.

Өтек ауылының келіншектері де ер азаматтармен бірге қой қырқу сайысына қатысып, малға жарақат салмай мұқият қырқу шеберлігін көрсетті.

қой қырқу сайысы
Қой қырқу сайысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Өзім мәдениет қызметкерімін. Әке-шешеміз мал баққан. Бала күннен істеп келе жатқан жұмыс. Әлі күнге дейін бір күнде 10-15 қой қырқамын", - дейді Өтек ауылының тұрғыны Гүлшат Асланова.

Этно-фестивальда асыл тұқымды мал бағып отырған шопандар еңбегі дәріптелді. 100 бас асыл тұқымды малдан 100 бас төл алғандар бар. Ауыл жастарының арасында мал бағуды кәсіп отырғандар аз емес. Ең жас шопан - 22 жаста.

"2 жылда бері мал бағамын. Оралдан машинист мамандығы бойынша ЖОО бітірген соң әкеме көмектесуге келдім. Мал бағатын адам табылмады. 300 саулық бар. Малдың арқасында елден қалысып жатқан жоқпыз. Бірақ бізде сенбі, жексенбі деген жоқ. Жазда мал құрттайды, қарау керек. Бірақ еңбектің наны тәтті", - дейді жас шопан Айбек Тұяқ.

табақ тарту сайысы
Табақ тарту сайысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

2021 жылдан бастап маусымның екінші жексенбісінде Ақтөбе облысында мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың мәртебесін көтеру мақсатында "Малшылар күні" атап өтіледі.

қол күресі
Қол күресі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған шаралар кешені жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде ауыл мәртебесін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, бірінші Жарлығында ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Тапсырманы орындау мақсатында өңіріміз республикада алғаш болып ауылдардағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасын іске қосты. Алдағы уақытта жүнді қырқып қана емес, оны жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Алдағы күндері италиялық қондырғыны әкеледі. Қойдың жүнінен құрылыс материалын дайындауды қолға аламыз. Келесі аптадан бастап қой жүнін қабылдау басталады. Қабырға еден салу жұмыстарына қолданылатын материал дайындалады",- дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Бірі-бірімен жарысып, қозы көтерген 10-12 жастағы балалар сайысы да көптің ықыласына бөленді. Иығына қой салып, оны 30 рет көтерген палуан қыздар да болды.

Қобда ауданында "Ата кәсіп - ұлт мұрасы" атты этнофестиваль екі жылдан бері өтеді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025272-bir-kunde-10-15-qoi-qyrqamyn-aqtobe-oblysynda-auyl-omirin-daripteitin-etnofestival-otti-foto/