Зектілері

"Сочиден келе жатқанда ұйықтап жатқан": алматылық зейнеткерлер байқамай немересін жолда қалдырып кеткен

Жарияланған күні:

Жасөспірім
Жасөспірім. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысының полицейлері алматылық зейнеткерге "жоғалтып алған" немересін тауып берді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, "102" пультіне 64 жастағы алматылық азамат хабарласып, Сочиден келе жатқан жолда 15 жастағы немересін жоғалтып алғанын айтқан.

Зейнеткердің айтуынша, көлігімен Сочи қаласынан шығып, жұбайы және немересімен бірге Алматыға келе жатқан. Жолда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының аумағындағы кемпингтердің біріне тоқтап, жұбайы екеуі 15 минутқа сыртқа шыққан.

Осы уақытта көліктің артқы орындығында ұйықтап келе жатқан немересі де оянып, көліктен шыққан. Алайда зейнеткерлер немересінің жоқтығын байқамай, сапарын жалғастыра берген.

Қызылорда облысының шекарасына келгенде ғана олар немересінің көлікте жоқтығын байқап, полицияға хабарласқан.

Ырғыз ауданының полиция қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізіп, қызды тауып, ата-әжесіне тапсырған.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім қыз ата-әжесінің кетіп қалғанын байқағаннан кейін жолда жүк көлігін тоқтатып мініп, оларды қуып жетуге тырысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025774-sociden-kele-zatqanda-uiyqtap-zatqan-almatylyq-zeinetkerler-nemeresin-zolda-qaldyryp-ketken/