"Қолың ұзын болған соң құламай қаласың": еліміздегі ең бойы ұзын полиция қызметкері Қарағандыда тұрады
Жарияланған күні:

Қарағандыда бойы 2 метрге жететін полиция қызметкері Дәмір Сыздықов облыстық полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында инспектор болып еңбек етеді. Сұңғақ бойлы полиция қызметкері туралы ақпаратты "Хабар" арнасы жариялады.
Телеарна мәліметінше, Дәмір Сыздықов спортпен кәсіби тұрғыда айналысады және каратэден спорт шеберлігіне үміткер екен. Ол қазіргі таңда тәртіп сақшыларына жауынгерлік күрес тәсілдерін, қару қолдануды үйретіп жүр.
Телеарна таратқан ақпарат бойынша Дәмір Сыздықовтың бойы 1 метр 99 сантиметр, ал салмағы - 115 келі. Ол - Қазақстандағы ең ұзын полиция қызметкері. Дәмір Сыздықов арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында тәртіп сақшыларын жаттықтырады.
"Кішкене қиындау. Бойы кішкентай адамдарға қарағанда әрбір жаттығу қиын беріледі. Бірақ сонда да төзу керек, шыдау керек. Қиындығы негізінен жарақат аласың. Қолың ұзын болған соң дұрыс құламай қаласың. Жүгірген кезде кішкене аяқ ауырады. Бірақ оның бәрі спорт. Қатты зақым келтірмейді", - дейді арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының инспекторы Дәмір Сыздықов.
Телеарна дерегінше, Дәмір Сыздықов ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Оған ең қиыны қызметтік киім табу екен. Оның сөзінше, үлкен өлшемді бергенімен, үнемі шалбардың балағын ұзартуға тура келеді екен. Полиция қызметкері екі бірдей дипломы бар, жоғары білімді азамат екенін айтқан.
"Осының алдында патрульдік полиция полкінің қызметкері болған. Сол жерде қызмет атқарып, дене шынықтыру бойынша, атыс даярлығы бойынша сабақтарға келген кезде өзіміз Дәмірді байқадық. Оның денесі, бойы, өзінің дайындығы, осының алдында ол каратэмен, баскетболмен айналысқан, спорттық дәрежелері бар, кандидат мастер спорта. Сондықтан көзге түскеннен кейін біз оған ұсындық. Ол келісіп, сол жұмыс істеп жатыр", - дейді арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының басшысы Ринат Сүттібаев.
Дәмір Сыздықов каратэден спорт шебері, жақында спорттың осы түрінен ішкі істер министрлігінің кубогі үшін жарыс өтпек. Қарағандыдан 8 адам қатысады деп жоспарланған. Ол қазір сол сайысқа дайындалып жүргенін айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026199-qolyn-uzyn-bolgan-son-qulamai-qalasyn-elimizdegi-en-boiy-uzyn-policiya-qyzmetkeri-qaragandyda-turady/