Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда заңгер әйелдің өліміне қатысты сот үкімі жойылды

Опубликовано:

Сот
Судья. Көрнекі фото: Рixabay.com

Алматыда заңгер әйелдің өліміне қатысты іс бойынша шыққан сот үкімі жойылды. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қалалық сотының Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Сот хабарламасында Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жойғаны айтылған. Бұған дейін шыққан сот үкімінде сотталушы Н.-ның әрекеті қасақана кісі өлтіру (ҚК 99-бабының 1-бөлігі) бабынан қатты психикалық толқу жағдайында кісі өлтіру (ҚК 101-бабы) бабымен сараланған.

Алқабилердің қатысумен шығарылған үкімнің күшін жоюға мына мән-жайлар негіз болған.

Сот бұрын зерттемеген дәлелдемелерге сілтеме жасаған қорғаушы тараптың адвокатының пікірталас барысында сөйлеу тәртібін бұзуы - яғни заң талаптарының бұзылуы сот тергеуін қайта жаңғыртуға әкелген.

Алқабилерге белгілі бір заң терминдерін қолдана отырып, сұрақтар қойылған. Мысалы, кенеттен пайда болған қатты психикалық толқу жағдайында адам өлтіру. Соттың хабарлауынша, бұған заң бойынша жол берілмейді.

Сондай-ақ айыптаушы тарап іс материалдарына қоса берілмеген бейнежазбасы бар диск түріндегі жарамайтын дәлелдемені ұсынған, дисктің шығу тегі ешбір дәйекпен расталмаған, ол заттай дәлел ретінде де танылмаған.

"Апелляциялық сатыда айыптаудың дәлелденуі мен дәлелденбеуін, дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігін, кейбір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығын, соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және тағайындалған жаза шарасы туралы мәселені шешуге тыйым салынады.

Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық және процестік заңнама нормаларының сақталуын тексереді және осы негізде алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің заңдылығын, дұрыстығын және әділдігін тексереді.

Іс жүргізу нормаларының бұзылуы негізге алына отырып, үкімнің күші жойылды, іс жаңа сот талқылауына жіберілді", – деп атап өтті сот өкілдері.

Еске салайық, былтыр қазан айында заңгер Айман Асанова кісі қолынан қаза болған еді. Қылмыс 8 қазан күні кешкі уақытта жасалған. Заңгер 12 қазан күні ауруханада көз жұмды. Осы қылмысты жасады деген күдікпен марқұмның бұрынғы жұбайы ұсталған болатын. Таяуда оған қатысты сот үкімі шықты.

Алайда адвокат Джохар Өтебеков кесілген үкіммен келіспейтінін, оны тым жұмсақ екенін мәлімдеген еді.

"Ол оған 18 жерден аяусыз пышақ сұққан! Осы үшін судья Майшинов Нұртаевты қалай 1,5 жылға бас бостандығынан айырды?", – деген еді ол.

Айта кетейік, Алматы қалалық сотының Facebook желісіндегі ресми парақшасында сотталушыға ажырасқаннан кейін мүлікті бөлуге байланысты жанжалдың салдарынан бұрынғы әйелін қасақана өлтірді деген айып тағылғаны айтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026613-almatyda-zanger-aieldin-olimine-qatysty-sot-ukimi-zoiyldy/