Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұрын мал бағып көрмедік": 700 бас малы бар ақтөбелік ағайынды шаруалар туралы не білеміз

Жарияланған күні:

ағайынды жігіттер келіншектерімен
Ағайынды жас кәсіпкерлер.: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында мал шаруашылығын қолға алған ағалы-інілі Иманғазиндердің ісі көпке үлгі. Ағайындылар бүгінде 700 бас аналық жылқы, ақ бас сиыр, ұсақ мал өсіріп отыр. Бұрын мал бағып көрмеген екі жігіт иен даладағы шаруа қожалығының ауласын жеміс бағына айналдырған. Демалыс орны іспеттес қожалыққа саумал іздеп келетіндер көп, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ағайынды жігіттер бірінші кезекте жер қазып, су іздеген. Ұңғымамен су қазып, шаруашылыққа ыңғайлап алған.

"Барлық шаруа әкемнің бас болуымен қолға алынды. 2017 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналыса бастадық. Бауырым мұнайшы, мен заңгер мамандығы бойынша оқыдым. Бұрын мал баққан жоқпыз. Қорада бес бас сиырымыз ғана болды. Жылқы бағып көрмедік. Бірақ 2017 жылдан бастап, шаруа қожалықтарын жалға алып, жылқы бағуды бастадық. Әкеміз бізді алға жетелеп, осыған жеткізді", - дейді Марлен Иманғазин.

Марлен Иманғазин
Марлен Иманғазин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде жас кәсіпкерлер 700 бас аналық жылқы, ақ бас сиыр, ұсақ мал өсіріп отыр. Шаруашылықта мал бордақылау алаңы бар. Оған қоса қымыз, саумал өндірумен айналысады. Айналаны жеміс бағына айналдырып жіберген. Шырша, қарағайдан бөлек әр түрлі сортты алма ағаштарын отырғызған. Қауын-қарбыз, көкөністері де бар.

Абысындар
Абысындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Егіз қозыдай қатар жүрген ағайынды жігіттер бір шаңырақтың астында тұрады. Екі келін де бірге жүр.

"Негізі бар шаруаға бас болып отырған ата -анамыз. Біз бәріміз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Бақытты отбасымыз. Менің келін боп түскеніме - алты жыл. Үш жылдан кейін абысынды болдым. Үш жылдан бері екі келін бірге тұрамыз. Бәрін бірге жасаймыз. Қатар жүреміз, бірге киінеміз. Бізге бір үйдің қызындай қарайды", - деді Марленнің келіншегі.

Жылқылар
Жылқылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қымыз баптап, саумал дайындаған келіншектер алдағы уақытта құрт-май жасауды жоспарлап отыр.

Шаруа қожалығына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Байғанин ауданына сапары кезінде арнайы барды. Алыстағы елдің жайымен танысқан өңір басшысы "ауылдың әр тұрғыны ауқатты тұру керек" дегенді баса айтты.

абысындар
Абысындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жағдай жоқ азаматтарға тауарлы несие ешқандай кепілсіз беріліп жатыр. 3 700 малды тұрмысы төмен азаматтарға таратып бердік. Ауыл азаматтарына ешқандай кепілсіз, ақшасыз тауарлы несие алу мүмкіндігі жасалды. Жұмыс істеуге ниет білдірген барлық азаматты қолдаймыз. Болашақ - орта, шағын бизнесте. Мұнайымыз бар кезінде бұл жұмыстарды жайлап жобаға қойып алуымыз керек. Облысымызда қазірдің өзінде "Ауыл аманаты" жобасының басталуымен жұмыссыздық толығымен жойылған бірнеше ауыл бар. Әр ауылда осылай болуы тиіс. Жұмыссыздық кесірінен халықтың қалаға көшуін тоқтату арқылы біз ауылдарды сақтап қаламыз", - дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026658-buryn-mal-bagyp-kormedik-700-bas-maly-bar-tobelik-agaiyndy-sarualar-turaly-ne-bilemiz/