Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айналайын, Ақбұлақ": Ақтөбе облысында аты алысқа танылған бұлақтың көзі бітеліп, тамшылап тұр

Жарияланған күні:

Ақбұлақ
Ақбұлақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

Дүлдүл ақын, танымал сазгер Бәкір Тәжібаев әнге қосқан "Ақбұлақтың" жағдайы жыларман күйде. Кезінде бұрқырап аққан бұлақ бүгінде тартылған, айналасы балшыққа былғанып, көзі бітеліп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстандықтардың құлағында ән боп жатталған "Ақбұлаққа" көмек керек.

"Іңкәрім-ай", "Әлия", "Бозторғай", "Елігім-еркем" сынды әндердің сөзін жазған Бәкір Тәжібаевтың "Ақбұлақ" әнін естімеген қазақ жоқ. Әнге арқау болған бұлақ Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылынан 12 км қашықтықта орналасқан. Бүгінде сол атақты бұлақ жоқ болып кетудің алдында тұр.

"Ақбұлақтың суы бұрын жақсы ағып тұрды. Ауыл малдары сол жерден су ішетін. Соңғы жылдары тамшылап тұр. Ол жерге күтім аз. Тазалық жұмыстары тиісінше жүргізілмейді. Әкімдік "құм толып қалады" деген сылтау айтып отыр", - дейді Байғанин аудандық мәслихатының депутаты Балнұр Оспанғалиқызы.

Ақбұлақтың басында танымал ақынға белгі қойылған. Бірақ бітелген бұлақтың көзін ашумен айналысып жүрген адам жоқ. Аудандық әкімдіктің айтуынша, "Ақбұлақ" басына бюджеттен қаражат бөлінбейді, себебі аталған тарихи орын Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану мұражайына есепке алынуы керек.

"Қазіргі таңда бұлақты күтіп ұстау, тазалау, әктеу, сырлау жұмыстарын Жарқамыс ауылдық округі әкімдігі демеушілердің көмегімен жүзеге асырып келеді. Үлкен кісілердің айтуынша, бұлақтың ағуы бұрынғыға қарағанда бәсеңдеген, өте баяу. Ақбұлақтың басы ерікті демеушілердің көмегімен сырты қоршалып, жыл сайын әктеліп, сырланып тұрады. Бұлақтың көзін ашып, тазарту жұмыстары да жүргізілді, дегенмен ағысы сол баяу күйінде. Бұлақ ауылдың мал өрісінің бойында орналасқандықтан аз ғана жиналған бұлақ суынан ауылдың ірі қара малдары су ішеді, сол себепті бұлақ айналасы балшық болып тұр", - дейді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026833-ainalaiyn-aqbulaq-aqtobe-oblysynda-aty-alysqa-tanylgan-bulaqtyn-kozi-bitelip-tamsylap-tur/