Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мерзімі өтіп кеткен өнімдер көп": Кентауда дәмханада уланғандар саны артты

Опубликовано:

Дәмхана
Дәмхана. Көрнекі фото: Рexels.com

Кентаудағы дәмханалардың бірінде тамақтан уланғандар саны 92 адамға жетті, олардың дені балалар. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Бұған дейін Кентауда астан уланған 58 адамның медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған болатынбыз. Астан ұшынғандардың бәрі "Ризық Рауаны" деп аталатын фастфуд орталығында тамақтанған.

Соңғы деректерге сәйкес, астан уланған адамдар саны 92-ге өскен. Денсаулығы сыр бергендердің жартысынан көбі — балалар. Қызуы көтеріліп, іші өтіп жатқандардың арасында жүкті әйелдер де бар.

"Барлығының жағдайы орташа дәрежеде ауыр. Біршама жақсарғандарын ертеңнен бастап ауруханадан шығара бастаймыз. Амбулаториялық емге 25 науқас жіберілді. Бәрі аймақтағы дәрігерлерге тапсырылып, қатаң бақылауда болады", – деді Кентау орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Өтебаев.

Телеарнаның хабарлауынша, дәмханадан былтыр да тұрғындар жаппай уланған. Былтыр тамыз айында сегіз адам, тағы екі айдан кейін 168 адам астан ұшынған. Ол кезде дәмхана қожайыны біріншісінде 800 мың теңгеге жуық айыппұл төлесе, екіншісінде жәбірленушілермен келісіп құтылған.

"Қай жерден азық алғаны туралы, шикізаттың ешқандай сертификаты жоқ, ешқандай шотфактура жоқ, әр жерден бір алған, оны анализ алғанда да байқадық. Төрт фирманың тауары тұр. Ол қай жерден, қай базардан әкелгені белгісіз. Осындай жағдай көп болып жатыр", – дейді Түркістан облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.

Қазір фастфуд орталығындағы тамақ қалдықтарынан сынама алынып, зертханаға жіберілген.

Бұл істі облыс әкімі жеке қадағалауға алып, прокуратура, полиция департаменті мен антикордың тергеушілерінен құралған ведомствоаралық комиссия құруды тапсырған.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026873-merzimi-otip-ketken-onimder-kop-kentauda-damxanada-ulangandar-sany-artty/