Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында жылан шаққан 9 жастағы бала екі күннен кейін қайтыс болды

Опубликовано:

медициналық мекеме
Аурухана. Көрнекі фото: pexels.com

Алматы облысы Кеген ауданында 9 жастағы баланы жылан шағып, екі күннен соң ауруханада көз жұмды. Науқас ауруханаға өте ауыр хәлде түскен. Балаға емдік шаралар тағайындау үшін аудандық ауруханаға Алматыдан токсиколог және реаниматолог дәрігерлер де көмекке келген. Соған қарамастан баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 27 маусымда сағат 13-35-те Кеген аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 9 жасар бала жылан шағу диагнозымен өте ауыр хәлде түскен. Балаға жансақтау бөлімінде дезинтоксикациялық ем жасалып, схема бойынша екі реттік жылан уына қарсы сарысу жасалған.

"Науқас ауруханаға түскен уақыттан бастап денсаулық сақтау басқармасының тікелей бақылауында болды. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері мен Алматы қаласының токсиколог дәрігерінің қатысуымен консилиум өткізіліп, онлайн кеңес жасалды. Алматы қаласының № 1 қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының токсиколог және реаниматолог дәрігерлері арнайы аудандық ауруханаға келіп, емдік шаралар келісілді", - делінген хабарламада.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық деңгейдегі анестезиолог-реаниматолог, токсиколог дәрігерлерімен консилиум өткізілген. Науқасқа жансақтау бөлімінде клиникалық хаттамаға сай емдік шаралар толық жасалған.

"Интенсивті реанимациялық көмектің дер кезінде көрсетілгеніне қарамастан 29 маусымда биологиялық өлім тіркелді", - дейді басқарма өкілі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі барлық медициналық мекеме жылан уына қарсы вакцинамен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Айта кетейік, соңғы алты айда облыс бойынша 11 адам жылан шағу диагнозымен ауруханаға жүгінген. Ал былтыр Алматы облысында дәрігерлер жылан шаққан 24 адамға медициналық көмек беріп, өмірін сақтап қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026965-almaty-oblysynda-zylan-saqqan-9-zastagy-bala-eki-kunnen-keiin-qaitys-boldy/