Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"150 мың теңге жалақы аламын": бес мезгіл бие сауатын ақтөбелік малшы жігіттің бір күні қалай өтеді (фото)

Жарияланған күні:

Бекет Шүйіншалин
Бекет Шүйіншалин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында күніне бес рет бие сауып отырған малшы жігіт сәскеде саумал дайындап, бесінде қымыз сапырады. Шаруа қожалығында еңбек етіп, маңдай терімен нәпақа тауып отырған жас жігіт KAZ.NUR.KZ тілшісіне бір күндік жұмысы туралы айтып берді.

Бекет Шүйіншалин Шалқар ауданының тумасы. 23 жастағы жігіт бес жылдан бері мал соңында жүр. Ауыл баласы бабымен балдай қымыз дайындайды.

"Мал қарағаным үшін 150 мың теңге жалақы аламын. Шаруашылықтың бәрін жасай беремін. Жылқыларды суарамын. Уақытылы шөбін саламын. Биені бес мезгіл сауып, құлындарын емізіп алуың керек. Бір сауғанда 12-13 литр сүт аламын", - дейді Бекет Шүйіншалин.

бие сауып отырған жігіт
Бие сауып отырған малшы жігіт. Фото: KAZ.NUR.KZ

Айтуынша, сүттің мол болуы жылқының тұқымына байланысты. Қымыз дайындаудың да өз бабы бар. Оны әркім әртүрлі дайындайды. Тобылғыға, киікотына ыстап, дәмін келтіреді. Малшы жігіт сауған бойда жылқы сүтін бірнеше қабатталғалған дәкемен сүзеді.

саумалды сүзу процесі
Саумал сүзген жігіттер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ақтың адал, таза болғаны дұрыс. Ішкен адам батасын береді. Сондықтан тазалыққа үлкен мән беріледі", - дейді малшы жігіт.

Ол жылқыдан бөлек түйе мен сиырды сауып, төліне қарайды екен.

Түйелер
Түйелер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал шаруа қожалығының иесінің айтуынша, қазір таза табиғи өнімдерге сұраныс жоғары. Көпшілік алдын ала тапсырыс береді. Ал саумал ішуге келушілерге арнайы бөлме дайындалған.

"2016 жылдан бері шаруашылықтың басындамыз. Бие, түйе, сиыр сауамыз. Қай малдың өніміне де сұраныс бар. Келушілерге екі мезгіл саумал ішуге жағдай жасап қойдық. Сауыншыларымыз бар. Саумалды адамдар кезекке тұрып, сауған бойдан ішеді", - деді шаруа қожалығының иесі Абай Ноғаев.

Автор: Ардақ Ерубаева

сиыр
Сиыр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027140-150-myn-tenge-zalaqy-alamyn-bes-mezgil-bie-sauatyn-aqtobelik-malsy-zigittin-bir-kuni-qalai-otedi-foto/