Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Малымыз мертігіп жатыр": жамбылдықтар ауылға ауыз су жүргізу кезінде опырылған көшелерін көрсетті (фото)

Опубликовано:

Орға түскен жылқы
Орға түсіп кеткен бие. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбылдық шаруалар төрт түлігін өрістен емес, ауыл ішіндегі ор-шұңқырлардан іздеп жүр. Өйткені Сарысу ауданындағы Үшбас ауылының көшелері әр жерінен опырылып, сиыр мен жылқы түсіп мертігуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындар бұл жағдайға ауылға ауыз су жүргізген мердігердің сапасыз жұмысы себеп дейді. Олардың сөзінше, су тартқан серіктестік қазылған құбырдың орнын дұрыс тегістемеген. Салдарынан суы сыртқа жайылып, арықтардан асады. Ал тегіс жатқан топырақтың беті опырылып, орға айналған. Үшбастықтар тереңдігі бір жарым метр болатын апандар адам үшін де қауіпті деп қорқады.

"Міне қазір екінші, үшінші сиыр құлады. Масқара болып жатыр. Көлігіммен зорға өттім. Малымыз құлап, мертігіп жатыр", - дейді тұрғынның бірі.

Жергілікті халық тексеріс қортындысында мердігердің жұмысына оң баға берілгеніне ашулы. Енді көшеге жайылған судан үйлердің іргесі құлайды деп қауіптенеді. Ал Сарысу ауданының әкімдігі "осындай жағдайға жеткізген тұрғындардың өзі" деп отыр. Ауыл азаматтары бақша суаратын суды көшеге бағыттап жіберген дейді. Ал ауыз суға бөлінген қаржының әзірге 30 пайызын иемденген мердігер құрылысты қазан айында тапсырмақ.

сиыр
Орға түсіп кеткен сиыр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Айта кетейік, ауылды ауыз сумен қамтуға бюджеттен 197 млн теңге қаралған.

"Тұрғындар егістіктерін суару кезінде суды көшеге бұрмауы керек еді. Ал кеткен кемшіліктерді мердігердің өзі толық түзетеді. Олар топырақ түсіп кеткен жерлердің бәрін қайтадан толтырып қойды. Енді қазір бәрін тығыздауда. Алда өз талабы бойынша тегістеп шығамыз. Құдықтың ішін, беттерін жауып шығады" , - дейді Сарысу аудандық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаев.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027372-malymyz-mertigip-zatyr-zambyldyqtar-auylga-auyz-su-zurgizu-kezinde-opyrylgan-koselerin-korsetti-foto/

pixel