Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аралдың кебін киеді": Жамбылдағы ең үлкен көлдің тартылғаны елді алаңдатып отыр

Жарияланған күні:

көл
Билікөл. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбылда үш бірдей ауданның ортақ айдынына айналған Билікөл көлі тартылып барады. Қазірдің өзінде көл суы жағалаудан 1 шақырымға тартылған. Жергілікті халық көл суының сарқылу себебін оның басқа арнаға бұрылғанынан көреді. Айдынды айнала қоршаған 12 ауылдың халқы жиналып, экологиялық апат қауіпі төніп тұрғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Басым бөлігі Жуалы ауданының жерінде жатқан Билікөлдің тағдыры балықшыларды алаңдатып отыр. Олар айдынның суын қолдан қазылған канал арқылы Талас ауданындағы Ақкөлге ағызу толастамай тұрғанын айтады. Көлдің суын көрші ауданға көп мөлшерде жібермеу керек деген талап қойып отыр.

"Тартылып кетсе катастрофа болады. Шын айтамын. Ашуды туғызбаңыздар! Билікөлге су келмейтін болса, Асаның суы құйылмайтын болса, баяғы Аралдың кебін киеді. Бүкіл тұзы, көлдің түбіндегі фосфор ұшады да, ел сол фосфордың зиянын көреді. Бұл деген табиғаттың заңына қарсы шығу. Физикалық заңдылықтарға қарсы шығу", - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Жаңабек Садықов.

жиынға қатысқан тұрғындар
Жиынға қатысқан тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Көл маңына жағалай қонған 12 ауылда ұзын саны тоқсанға тарта қожалық бар. Айдынның суы малға да, егінге де ортақ. Балық аулауды ата кәсіпке айналдырған шаруалар көл мәселесі көтерілгелі үш жыл болғанын айтады. Бірақ суын сыртқа босату тәртібі әлі күнге жолға қойылмағанына наразы.

"Осы жерден шөп орамыз, жайылым жеріміз де осы көл маңы. Көл тартылса, малдың бәрі қырылады. Әрине, табиғатқа қиянат! Бір Ақкөлде 500 га суарылады екен. Сонда бір ғана Ақкөл үшін үш ауданның халқы, Билікөлді жағалаған халық зардап шегуі керек пе?", - дейді Билікөл ауылының тұрғыны Қадырқұл Мысбаев.

Ал суға жауаптылар бұл дау туғызатын дүние емес дейді. Шу-Талас бассейн инспекциясы тек Билікөл емес, тұтас өңірде су тапшылығы барын жасырмайды. Ал көлдің кемеріне жетпеуін табиғи құбылыс деп отыр. Олардың сөзінше, "Сұлтан" каналының суды бөлу тәртібі заңды.

жиын
Жиынға қатысушылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жаңадан салынған "Сұлтан" су арнасы суды аудандарға тең босату үшін тартылған еді. Көлдің суы тартылып кетпейді. Билікөл ешқашан тартылмайды. Бұл маусымдық құбылыс. Егер су көп болатын болса табиғи арнамен аққанға не жетсін. Бірақ ондай су болмай жатыр ғой. "Сұлтан" каналын егер тағы толықтырып істейтін болсақ, онда келген суды екі жаққа тиімді бөлеміз", - дейді Су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің басшысы Нұрболат Рахымбердиев.

Жауаптылар Талас ауданына су тасымалдаушы Сұлтан каналы толық қуатымен жұмыс істемей тұрғанын жоққа шығармады. Бірақ нақты қашан жөнделетіні белгісіз. Оған дейін ауылдар арасында тіршілік нәріне талас үдеп кетпесе игі.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027441-araldyn-kebin-kiedi-zambyldagy-en-ulken-koldin-tartylgany-eldi-alandatyp-otyr/