Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысында өртте қаза тапқан орманшы әйелдің екі баласына қайырымды жандар Астанадан пәтер сыйлады

Опубликовано:

тұрғын үй
Тұрғын үй. Видеодан кадр: instagram.com/gulmira001

Абай облысындағы өртте қаза тапқан орманшы Мейрамгүл Жиенбаваның балалары Астанада бір бөлмелі пәтердің иесі атанды. Екі балаға баспана сыйлау туралы қайырымды іске блогер Гүльмира Әбдірашева ұйытқы болған. Әлеуметтік желі қолданушылары бір тәулік ішінде 26 млн теңгеден астам қаражат жинап берген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алапат өртте жан қиған Мейрамгүлдің артында 4 жасар қызы мен 15 жастағы ұлы қалды.

Оларға ел астанасынан бір бөлмелі пәтер сыйлау туралы бастама көтерген блогердің айтуынша, бұл идея екі баланың болашағына құйылған инвестиция әрі қосымша табыс көзі болсын деген ниеттен туған.

"22 сағаттың ішінде сіздер, менің оқырмандарым 26 681 224, 17 теңге жинап бердіңіздер. Ақша бірден депозитке аударылды, осылайша қаражатты комиссиясыз шешіп алуға болады. 15 күн ішінде депозитке 168 173,88 теңге сыйақы қосылды. Осы уақыт аралығында мен лайықты пәтер іздедім. Ұсынылған нұсқалардың ішінен жауапкершілікпен таңдадым. Пәтердің орналасқан жері маңызды басымдық болды. 3 шілде күні сол жақ жағалаудан бизнес санаттағы тұрғын үй кешенінен ауданы 45 шаршы метр пәтер сатып алынды. Бағасы - 26 млн теңге", - деп жазды Гүлмира Әбдірашева желідегі парақшасында.

Блогердің сөзінше, пәтер толық жабдықталған, бұрын ешкім тұрмаған. Пәтер екі балаға теңдей үлеспен рәсімделді.

Блогер бұл пәтерге балалардың әкесі де қорғаншылық органдардың келісімінсіз иелік ете алмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, Мейрамгүлдің анасы, күйеуі мен екі баласына елордаға барып-қайтуға ұшақ билеті алынған.

Қара жамылған отбасы қайырымды іске ат салысқан баршы қазақстандыққа алғыс айтты.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін орман өртінде қаза тапқандардың отбасыларына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетіні хабарланған еді.

Сондай-ақ, өрт салдарынан қаза тапқан 14 қызметкердің жанұясына Семей қаласынан жаңа пәтерлердің кілті табысталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027658-abai-oblysynda-ortte-qaza-tapqan-ormansy-aieldin-eki-balasyna-qaiyrymdy-zandar-astanadan-pater-syilady/

pixel