Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Малдан басқа түгіміз жоқ": Жамбылда бір үйір жылқы найзағай соққысынан қырылып қалды

Жарияланған күні:

Өлген жылқыны көму жұмысы
Өлген жылқыларды көму жұмысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбылда бір үйір жылқы найзағай ұрып, қырылып қалды. Оқыс оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының тау бөктерінде болған. Жай отынан жаппай сұлаған 27 бас түлік жеті үйге тиесілі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазір үйір жылқы сай ішінде жатыр. Соққының ауыр болғаны сонша тұяқтылардың денелерін бөрене ағашының орнындай қылып ойып жіберген. Жылқылардың жаппай қырылуына бір жерде тұрып қалуы себеп. Нөсер кезінде сай ішіне желдеп кеткен екен. Ал малынан айырылғандар арасында жылқы үшін несие алғандар да бар.

Нұрболат Мырзақұлов 20 жылдан бері бау-бақша егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Ол осыдан 2 жыл бұрын 3,5 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жылқы сатып алады. Енді 10 жылқысы өлген шаруа енді шығынын кімнен өндірерін білмей дал.

"Кепілдікке мына таудағы фазендадағы үйді қойдым, кейін ауылда кішігірім үйім бар еді, соны қойып барып, жүрігіп жүріп қолға тиген ақшаны алдым. Сөйттім де мал алдым. Малым кішкене пұл бола ма деп едім. Ойда жоқта, міне, қиратып тастады. 5 млн теңге шығынға ұшырадым. Енді мен не қойып беретінімді білмеймін. Ауылдағы үйімнен ажырап қалсам мына бала-шағаммен қайда барамын?!", - дейді Тереңөзек ауылының тұрғыны Нұрболат Мырзақұлов.

Шығынға батқан шаруалар биліктен көмек сұрап отыр.

"Бәріміздің қарап отырғанымыз бір мал басы, одан басқа түгіміз жоқ. Бруцеллез болса, ауру шықса аудан әкімшілігі мал шығынын төлеуші еді. Сондай көмек бола ма деген ниетпен сұраймыз. Сол өтемақы, сол көмек бізге өте қажет болып тұр", - дейді Тереңөзек ауылының тұрғыны Жандархан Мамытбеков

Ал аудан әкімдігі төтенше жағдай жарияланған жағдайда немесе жаппай ауру тараған кезде ғана өтемақы төленетінін айтады. Ал бұл жағдай бірінші рет болып тұрғандықтан әлі бір шешімге келмеген. Әзірге әкімдік тарапы тау ішінде теңкиіп жатқан жылқыларды залалсыздандырумен айналысып жатыр.

"Дәл осы орын алған жағдайға сәйкес, ол қаншалықты, қалай іске асуы керегі жөнінде арнайы аудан әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылған. Комиссия құрамына құзырлы органдар мен заңгер мамандар енгізіліп отыр. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында", - дейді Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев.

Ветеринар мамандар ауру тарап кетпес үшін өлекселерді сай ішіне көміп жатыр. Өйткені өлген малдар биік шыңның бөктеріне барып жайылғандықтан, көлікпен тасу мүмкін емес дейді.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028269-maldan-basqa-tugimiz-zoq-zambylda-bir-uiir-zylqy-naizagai-soqqysynan-qyrylyp-qaldy/