Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қарияларға қиын боп жатыр": Таразда лифті істен шыққан үйдің тұрғындары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Тараз қаласы
Тараз тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тараздағы ең биік үйде тұратын тұрғындар пәтерлеріне жете алмай жүр, ал жоғарғы қабаттағылар қайта түсе алмай қиналуда. Абай көшесі бойындағы 12 қабатты үйдің жеделсатысы істен шыққанына бір жарым айдан асты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

80 пәтерлі үйде көбіне көпбалалы отбасылар мен қариялар тұрады. Олар көрші тұрғанымен бір-бірін көп көре бермейді. Ал төменге түсе бермес үшін азық-түлікті артығымен алатын болған.

"Шықсақ түсе алмаймыз, түссек көтеріле алмаймыз. Қарияларға қатты қиын болып жатыр. Тоғызыншы қабатқа ахылап-ухілеп әрең дегенде жеттік. Өзім зейнеткермін, түсуім де қиын. Енді әрең дегенде екі-үш күнде бірақ шығамыз. Не істейміз, шарасыз отырмыз" дейді қала тұрғыны Алтынкүл Жұмабаева.

Ал қатынау қиындаған баспанада тұратындардың кейбірі пәтерлерін сатып құтылғысы келеді. Өйткені лифттің тозығы жеткендіктен талай рет жөндеу көрген. Бірақ бір күні бәрібір бұзылып тұратынын айтады.

лифт
Лифт. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Тіпті 10-11 қабаттағы үлкен кісілер далаға шықпайды. Олар терезеден қарап отырады. Мен лифт істейтін болса, сатқым келеді. Құтылып, кетіп қалғым келіп отыр. Мұндай үйде тұра алмаймын. Бұл қайтадан қайталанады", - дейді жоғары қабатта тұратын Манат Түлекқызы.

Ал жедел сатыны жөндеуге әкімдік тарапы әбден әрекет жасап көрдік деп отыр. Бір ай бұрын мердігеріне іздеу салады. Таптырмай жүрген компания басшысы тек күні кеше байланысқа шыққан.

"Мердігер уәде беріп отыр 2-3 күнде жөндеп беріп, жүргіземін деп. Алайда осы жылдың аяғына дейін жергілікті бюджеттен ақша қарастырылған. Ақша бөлініп тұр. Жылдың аяғына дейін жаңа лифт қойып береміз", - дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Төкебаев.

Жалпы Тараз қаласында ұзын-саны 66 лифт болса, оның 29-ы қала әкімдігіне қарайды. Жыл соңына дейін алтауын ауыстырғанға бюджеттен 90 млн теңге қаралған.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028213-qariyalarga-qiyn-bop-zatyr-tarazda-lifti-isten-syqqan-uidin-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty/

pixel