"Үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз": Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті
Жарияланған күні:
Бүгін Ақтөбе қаласының №2 сот залында Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті. Соңғы қызметі - "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болған Ермек Имантаев лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бабымен күдікке ілінген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ермек Имантаев сот залына арнайы күзетпен жеткізілді. Екі қорғаушысы соттан айыпталушыныны денсаулығына байланысты үй қамаққа ауыстыруды сұрады.
"Ақтөбе" Әлеуметтік кәсіпкерлік коропорациясының бұрынғы басқарма төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жүргізген. Ол қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды, өзінің үлестес адамдарына жер телімін төмен бағаға берді, сөйтіп мемлекетке 199,4 млн теңге шығын келтірді деген күдікке ілікті.
Бүгін судья прокурор мен айыпталушы тараптың пікірін тыңдады. Қорғаушылар да, айыпталушы да тағылған айыптың түсініксіз екенін айтты.
"Айыптау актісімен танысу кезінде қосымша тергеу жұмыстарын жүргізуге өтінішхат жолданды. Байланыс операторларынан бірнеше адамның телефон нөмірін бақылауға алуды сұрадық. Екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарын да тексеру сұралды. Бірақ өтінішхатта қаралмайтыны туралы айтылған. Бірінде "Ақтөбе" ӘКК жерді шығарып, "Батыс" шағын ауданындағы жерге ауыстыру туралы айтылған. Нақты айып түсініксіз. Имантаев ота жасатты. Қазір құжаты тапсырылды. Қазіргі кезде оңалту жұмыстарын жүргізу керек. Сондықтан үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз", - деді айыпталушының қорғаушысы Дидар Берікбол.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айыпталушы істің объективті тергелуін сұрады.
"Мен өмір бойы істеген ісіме жауап беріп келемін. Өз жігерім бар, жауап беремін. Бұл істі қайта тергеуге жіберуге өтініш жазғандағы себеміз де сол. Іс жан-жақты, объективті түрде қаралсын дедік. Қорғаушылар айтқан өтінішхатқа қосарым бар. Екі Сұлтановты іске қосуды сұраймын. Бірі жердің иесімін дейді. Бірақ мен оны өмірде көрген емеспін. Екіншісі менің кеңесшім болған адам", - деді айыпталушы Ермек Имантаев.
Айта кетейік, Ермек Имантаев отбасылы. Кәмелет жасқа толмаған баласы жоқ. Негізгі мекенжайы - Астана қаласы.
Еске сала кетейік, Ермек Имантаев 2002 жылдың сәуірінен 2004 жылдың шілдесіне дейін Ақтөбе облысының әкімі болды. Кейін Президент әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты бөлімінде, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды.
2019 жылдың қарашасынан 2021 жылдың наурызына дейін "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды. Экс-шенді Ақтөбе мамандандырылған сотының қаулысымен ақпан айынан бері қамауда отыр.
Мемлекеттік айыпталушы Имантаевқа қатысты екі істің біріктірілгенін айтты. Судья келесі сот талқылауы 13 шілдеде өтетінін хабарлады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028270-uiqamaqqa-auystyrudy-suraimyz-aqtobe-oblysynyn-eks-akimi-ermek-imantaevtyn-isi-boiynsa-aldyn-ala-sot-tyndauy-otti/