Зәкиева балалы ер адамды ұрған Бейбіт Шүменовті тағы бір бап бойынша жауапқа тартуды ұсынды
Жарияланған күні:
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram-дағы парақшасында елордалық сауда орталығында боксшы Бейбіт Шүменовтің қолында баласы бар ер адамды ұрып-соққанына байланысты Ішкі істер министрлігіне жүгінгенін хабарлады.
"Ішкі істер министріне қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеру қажеттігі бойынша жүгіндім.
Баланың қауіпсіздігіне қауіп төну фактісі әлеуметтік желілерде жарияланған бейнекадрлармен расталады", - деп жазды Динара Зәкиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл жағдайда Шүменовті Қылмыстық кодекстің 115-бабы "Қорқыту" бойынша жауапкершілікке тарту қажет деп санайды.
"Қолданыстағы заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдай туғызғаны үшін жауапкершілікке тартатын бап жоқ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған түзетулер блогына тиісті ұсыныс енгізетін боламын.
Жалпы біз, ересек адамдар кез келген жағдайда балалар туралы ойлауымыз керек деп санаймын", - деді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, Астанададағы сауда орталығында бокстан экс-әлем чемпионы Бейбіт Шүменов қолында баласы бар адамды ұрып-соққанын жазған едік. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев растады.
Кейін боксшы Бейбіт Шүменов балалы ер адаммен не үшін төбелесіп қалғанын айтып, жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028512-zakieva-balaly-er-adamdy-urgan-beibit-sumenovti-tagy-bir-bap-boiynsa-zauapqa-tartudy-usyndy/