Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түнде тәрбиеленушілер бөлмесінде бөгде ер адам не істеп жүр?": Атырауда балалар үйінен шу шықты

Жарияланған күні:

Балалар
Балалар үйінің тәрбиеленушілері. Фото: facebook.com/atyrau.shanirak

Атыраулық қоғам белсенділері "Шаңырақ" балалар ауылына тексеріс жүргізген. Олар мекемені аралау барысында тәрбиеленушілердің құқығы тапталып жатқанын анықтағанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырауда әлеуметтік желі белсенділері Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен бірге "Шаңырақ" балалар ауылында болып, бірнеше келеңсіз жайтқа куә болғанын жазды. Блогер Руслан Баязиевтің айтуынша, бақылау камерасына белгісіз ер адамның балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге беймезгіл уақытта шай ішіп отырғаны жазылып қалған. Бейнежазбадағы ер адам аяғын қасындағы орындыққа көтеріп отырғаны ерсі көрінген. Блогер видеоны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.

"Бақылау камерасын тексеріп отырып, бөгде ер адамның түнгі сағат 01.00 шамасында балалар бөлмесінде шай ішіп отырғанын байқап қалдық. Аяғын көтеріп қойып отырғанына қарағанда бұл жерде бірінші рет емес екендігі көрініп тұр. Сол жерде бірден іштегі қызметкерлерден оның кім екенін сұраған кезде ешкім жауап бере алмады. Демек бөгде адам. Ол түн ішінде жабық мекемеде неғып жүр? Онымен қоса балалардың тамақтарын өздері пісіріп, дастархан дайындап, артын жинап жүргенін де камерада жазбасынан көрдік. Оны жасайтын қызметкерлер бар емес пе? Балалармен анонимді сөйлесу кезінде бірнеше бала өздерін тәрбиешілердің ұратындарын да айтып қалды. Камерада тек қана 13 күннің видеосы сақталған. Басқасын өшіріп тастаған. Заң бойынша соңғы бір айдың видеосы сақталып тұруы қажет еді. Құқық қорғау органдары бұл істі назарға алады деген үміттеміз", - дейді портал тілшісіне білдірген пікірінде Руслан Баязиев.

"Шаңырақ" балалар отбасына қатысты дерек бойынша Атырау облысы полиция департаменті түсініктеме берді.

"Атырау қалалық полиция басқармасында Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2 бөлігімен, яғни Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындалмау фактісіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - деп жауап берді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын ғана айтып, оқиғаға байланысты басқа пікір білдірмеді.

"Шаңырақ" балалар ауылына қатысты болып жатқан оқиғаларға байланысты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлімдеме жасады.

"Балалар ауылына барып, жағдайды зерделедік. Түйген ойым, соңғы жағдайлар ұжымда бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктердің нәтижесі. Салдарынан балалар зардап шегуде. Балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіліп, камералар тікелей Білім беру басқармасына қосылатын болады. Балалар ауылы үнемі Атырау облысы әкімдінің басты назарында", - дейді Жасұлан Бисембиев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028818-tunde-tarbielenusiler-bolmesinde-bogde-er-adam-negyp-zur-atyrauda-balalar-uiinen-su-syqty/