Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сексуалдық зорлық жасалған": Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Опубликовано:

Күдіктіні ұстау сәті
Күдіктіні ұстау сәті. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Түркістан облысында бес жасар қыз баланы өлтірді деген күдікті екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан соттары Facebook парақшасында хабарлады.

Соттың 2023 жылғы 15-шілдедегі қаулысымен күдікті Г.С-ға 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтарпау шарасы санкцияланды.

"Тергеп-тексеру органы күдікті тағылған айыптардың аса ауыр қылмыстар санатына жататынын, бұған дейін де аса ауыр, ауыр санаттағы қылмыстарды жасағаны үшін сотты болғанын, оның бостандықта жүріп жәбірленушіге, куәларға қысым көрсету ықтималдығын, істі объективті тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіруі мүмкін екендігін көрсетіп, соттан күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауды сұраған", - делінген хабарламада.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті Г.С 13-шілде күні сағат 13:30 шамасында мас халде өзінің үйіне келе жатып, ойнап жүрген кішкентай қызды көріп, "жыныстық нәпсі құмарлығын қанағаттандыру мақсатында" оны үйіне алдап шақырған.

"Күш қолдану арқылы жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді қасақана жасаған.

Одан әрі ол өзінің қасақана жасаған аса ауыр қылмысын жасыру мақсатында жәбірленуші Е.Н-ы асхана пышағымен көкірек торы мен іш-аумағынан бірнеше рет шаншылап-кескілеп, қасақана өлтірген", - делінген соттың хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, 13 шілде күні Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген. Жедел-іздестіру шараларының барысында қыз баланың денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылған.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалған. Қазір таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Кейін қайғылы оқиға туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарланғаны белгілі болды.

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолда бар ақпарат бойынша күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028823-seksualdyq-zorlyq-zasalgan-turkistan-oblysynda-5-zasar-qyzdyn-olimine-qatysty-zana-derek-syqty/

pixel