Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте түнгі уақытта жол үстінде билеген блогерді көлік қағып кете жаздады

Опубликовано:

Бағдаршам
Түнгі қала. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте көлік ағыны көп көшеде билегенін Tik-Tok желісінде тікелей эфирде көрсеткен блогерді көлік қағып кете жаздады. Полиция блогердің әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейнежазбада Шымкент қаласындағы Қонаев және Желтоқсан көшелерінің қиылыcында орналасқан бағдаршамның қызыл түсі жанған тұста бойжеткен көліктен түсіп билей бастаған. Қайта көлікке келіп үлгермеген блогер көлік астына түсіп қала жаздады.

Қас-қағым сәтте жол шетіне қашып үлгерген бойжеткен аяғын қайырып алғанын айтып шағымданады. Мұның барлығы әлеуметтік желінің тікелей эфирінде көрсетіліп тұрған.

Бейнежазба Facebook-тегі парақшалардың бірінде де жарияланды. Жазбада бұл оқиғаның 16 шілде күні орын алғаны жазылған. 

"Кеше түнде (16.07.2023ж) Tik-Tok қолданушысы Шымкент қаласында бағдаршамда,  жол үстінде биледі. Бұл сәтте бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған болатын. Алайда блогер жол үстінде билеп тұрғанда бағдаршамның жасыл түсі жанып, "биші қыз" жолдағы қозғалысқа бөгет жасай, жол жиегіне қарай жүгіре жөнелді. Биік өкшелі аяқ киімдегі қыз жүгіріп бара жатып,  аяғын қайырып алғанын да айтты. Егер блогер санаулы секундқа кешіккенде, көлік астында қалуы бек мүмкін еді. Блогер мұндай қадамға тікелей эфирде (лайк) дауыс жинауда ұтылған  "досының"  шарты бойынша барып отыр. Яғни  еріккеннің ермегіне бола бір адам өз өміріне қауіп төнді", - дейді жазба авторы.

KAZ.NUR.KZ тілшісі бейнежазбаны Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметіне жолдаған болатын. Бұған қатысты ІІМ баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Блогер қиылыста тоқтаған көліктен шығып, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған сәтте билей бастаған. "Шоуды" қыздың өзі және көлікте қалған ер адам тікелей эфирде көрсеткен.

40 секундқа созылған қойылымды бағдаршамның жасыл түсі мен қозғалыстағы көліктердің сигналы үзді. Заң бұзушы олардан қашып, жолдың шетіне қарай жүгірді.

Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қыздың жеке басын анықтады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны", - делінген IІМ Telegram-дағы ресми арнасындағы хабарламада.

Полиция департаменті блогердің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029119-symkentte-tungi-uaqytta-zol-ustinde-bilegen-blogerdi-kolik-qagyp-kete-zazdady/

pixel