Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халық" қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қолдау көрсетуде

Опубликовано:

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

"Халық" қайырымдылық қоры Алматы облысындағы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жинағын үлестірді.

Акция аясында Жамбыл, Еңбекші қазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында тұратын әлеуметтік осал топтар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар қолдауға ие болды. Көмекке мұқтаж жандардың тізімі әр ауданның жергілікті атқарушы органынан алынды.

"Халық" қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл шара 2020 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.

"Біз өз бағдарламаларымыздың шеңберінде қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жиі азық-түлік себеттерімен қолдау көрсетеміз. Бұл бір реттік шара емес. Пандемия кезінен басталып, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қор 2020-2021 жылдың өзінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыға 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты. Биыл бұл акцияның аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан 500 баланы мектепте дайындауды жоспарладық. Оқушылар мектеп формасы және оқуға қажет құралдармен қамтылады", - дейді Нариман Әбілшайықов.

Әрқайсының салмағы 50 келі болатын әлеуметтік қораптың ішінде ұн, күріш, макарон, сұйық май, қант, шай бар. "Халық" қайырымдылық қоры Алматы филиалының өкілдері және еріктілер азық-түлік себеттерін аудандардың әр түкпірінде тұрып жатқан тұрмысы төмен отбасылардың үйіне жеткізіп берді.

"Халық" қайырымдылық қоры тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жиынтығын кезең-кезеңімен ұсынып келеді. Бұл қайырымдылық шарасының әлеуметтік маңызы зор. Күнделікті тұтынатын азық-түлікті жинақтап, ұсыну арқылы отбасылардың мұқтаждығын қанағаттандыру - халықтың бірлігі пен сенімін арттыруға қадам болады деп білемін. Біз тек бірігу арқылы жаңа қоғамның гүлденуіне қол жеткіземіз", – дейді "Халық" қоры Алматы қаласы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қордың қолдауына ие болғандардың бірі Қарасай ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Айгүл Сейтімбекова. Ол 5 баланың анасы және бір баласы ерекше күтімді қажет етеді. Тұрмыстың тауқыметінен қажыған келіншек көмек қолын созған қайырымдылық қорына айрықша ризашылығын білдірді.

"Бұл азық-түлік 3-4 айға жетеді. Макарон, қант, ұн, шай – біздің күнделікті қажеттілігіміз. Біздің қазіргі жағдайымызда азық-түлік алу үлкен көмек. Осындай қолдау көрсеткен "Халық" қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз!", - дейді көпбалалы ана.

"Халық" қайырымдылық қоры
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

Мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығын тарату акциясы биыл мамыр айында өтті және жыл аяғына дейін жалғасын табады. Алда Республика күні және Жаңа жыл қарсаңында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік үлестіру жоспарланған.

Айта кетейік, "Халық" қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылған. Негізгі мақсаты - еліміздің өмірінің аса маңызды салаларында ауқымды қайырымдылық: әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім жобаларын іске асыру. Жалпы алғанда, 2016 жылдан бері 45 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.

*Серіктестік материал

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029121-xalyq-qaiyrymdylyq-qory-muqtaz-otbasylarga-turaqty-turde-qoldau-korsetude/

pixel