5 жасар қыз баланың өлімі: Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату мәселесі көтерілген. Бұл туралы Жоғарғы сот Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.
Жоғарғы соттың мәліметінше, Сарыағаштағы кішкентай қыз баланың өліміне күдікті азаматқа заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізілген.
Күдіктіге қатысты үкім биыл мамыр айында шығарылған.
"Нәтижесінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Сарыағаш аудандық сотының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметін 2020 жылғы қазаннан бері Нұрқазы Шетенов атқарып келеді.
Еске салайық, 13 шілде күні Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген еді. Жедел-іздестіру шараларының барысында қыз баланың денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылған болатын.
Аталған дерек Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл оқиға туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар болып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы жайттың мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауыша, қолда бар ақпарат бойынша күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029231-turkistan-oblysyndagy-5-zasar-qyz-balanyn-olimi-saryagas-audandyq-sotynyn-toragasy-qyzmetinen-bosatyluy-mumkin/