Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізді таңғалдырды": Жамбыл облысында тағы бір көне қала орны табылды

Жарияланған күні:

археологиялық жұмыстар
Археологиялық қазба жұмысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл жерінен тағы бір көне қаланың орны табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, осыдан мың жыл бұрынғы мәдениетке тиесілі көне сарайда Қарахан мемлекетінің халқы өмір сүрген. Қаланың қалыптасып, гүлденген кезі шамамен X-XII ғасырларға жатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Археологтардың зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Қаратаудың теріскейінен табылған ежелгі нысан сауда керуендеріне қызмет еткен. Шаһар аумағы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан алыс-беріс пен барыс-келістің орталығы болғанға ұқсайды. Қала орнын ашу бойынша 10 айға созылған қазба жұмыстары кезінде қыш ыдыстар мен мал сүйектері жиі кездескен. Ғалымдарды керамика бұйымдарына өсімдік бояуын жағып, құты, құмыралар жасау стилі таңғалдырып отыр.

қазба жұмыстары кезінде табылған заттар
Қазба жұмыстары кезінде табылған заттар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қыш ыдыстардың сынығы мен тұрмыстық бұйымдар көп шықты. Қазандардың ішінде үш бұрыш тұтқалы ыдыстар бар. Талас өңіріндегі төрткүлдер соңғы үш жылдан бері зерттеліп жатыр. Мұндай тарихи әрі мәдени мұралар тек Талас өңіріндегі ондаған ескерткіштен ғана кездеседі. Сол замандағы технология мен адамдардың өркениетке ұмтылуы бізді таңғалдырды", - дейді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Нұрғали Несіпбаев.

Сондай-ақ қала қалдықтарының ішінен бүтін күйде сақталған ауыз су құбырлары да табылды. Құрылысы саздан жасалған сарай кірпіштерінің қалыңдығы 50 см-ге дейін барады. Бір қызығы тарихи кешен көлік қарасы үзілмейтін тас жолға таяу жерден табылған. Ғалымдар жол төсеу жұмыстары тарихи-мәдени байлық жатқан жерден жүргізілмегеніне қуанады.

"Оңтүстік жағынан Нұрлыкент ауылы маңынан тағы да осыған ұқсас төрткүлдерді анықтаған болатынбыз. Бұл жерден тікелей керуен жолдардың өткендігін білдіреді. Бізге дейін де тұрмыстық өмір салты, мәдениет пен сәулеттік даму идеяларын барынша көркейткісі келгенін көреміз", - дейді археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақымбек.

Алты адамнан тұратын археологтар тобы зерттеу жұмыстарын қысқа дейін жалғастырмақ.

Еске салайық, биыл мамыр айында Жамбыл облысы Құмтиын ауылы маңынан да осыдан 1000 жыл бұрынғы өркениетке тиесілі Қаракемер қаласының орны табылған болатын. Археологтардың айтуынша, 600 гектар аумақты алып жатқан көне шаһарды көшпенділер мен бірнеше түркі мемлекеттері мекендеген. Олардың қатарында Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері бар.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029325-bizdi-tangaldyrdy-zambyl-oblysynda-tagy-bir-kone-qala-orny-tabyldy/