Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазір жолда елес көп": атыраулықтар өңірде жол апатының жиілеуіне қатысты ой бөлісті

Опубликовано:

жол белгісі
Жол белгісі. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ

Атырау облысының тас жолдарында соңғы күндері екі ірі жол апаты орын алып, он адам оқиға орнында қайтыс болды. Әлеуметтік желі қолданушылары өңірде жол апатының жиілеуіне қатысты түрлі пікір айтуда. Кейбірі тас жолдарда елес кезіп жүргенін айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін Атырау облысы полиция департаменті 16-18 шілде аралығында Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолында, сонымен қатар Атырау-Индер тас жолында ірі жол-көлік оқиғасы болғанын мәлім еткен еді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерге үндеу де жасады.

"Жылыой ауданы тас жолында орын алған апатта автокөлік жүргізушілері бұрын бірнеше рет көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Жүргізушілерден жылдамдықты шамадан тыс асырмай, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауды сұраймыз. Уақыт үнемдеу мақсатында көлік жылдамдығын асырудың құнын өміріңізбен өлшемеңіз", -  дейді Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік ротасының командирі Әділбек Шахметов.

Осы тұста желі қолданушылары Instagram-да соңғы кезде Атырау облысының тас жолдарынан түсірілген ауыр кадрларға қатысты пікір білдірген.

"Жолды кеңейту керек", "Жеке тасымалдаушыларға тыйым салу керек, қалааралық тасымалға ресми такси паркін құру қажет және жолда сағатына жүз шақырымға дейін етіп шектеу қоятын уақыт келді", "Жылдамдықты сақтамағаннан болып жатыр ғой! Алла да сақтансаң сақтаймын дейді", - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Тағы бірі тас жолды елес кезіп жүргенін жазған.

"Тас жолда қазір өлім періштесі жүр, өлім көбейіп кетті", - дейді желі қолданушыларының бірі.

Соңғы нұсқаға өңірдегі аудандық газеттің бас редакторы да сенетінін айтады.

"Жақында жақсы араласатын танысымның бажасы Атырау-Индер тас жолында түнде жалғыз келе жатқанда артында бір шал отырғанын көргенін айтыпты. Қорыққаннан бажасына телефон соғып айтып үлгерген. Сол сәтте көлік апатқа ұшырап, ажал құшты. Мұндай факт көп. Айтайын дегенім, қазір жолда елес көп. Ол жын-шайтанды құран оқып қайтару керек. Өкінішке қарай оған күле қараймыз", - дейді Индер аудандық "Дендер" газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин.

Атырау облысының бас имамы жолдағы жын мен елес туралы портал тілшісіне пікірін білдірді.

"Жындар – ойдан шығарылған қиял емес. Жын – адам мен періштелер секілді Алла Тағаланың жаратылыстарының бірі. Жынды оттың жалынынан жаратқанын сүрелерден білуге болады. Сондай-ақ жын көзге көріне алады. Яғни әртүрлі кейіпте адамдарға елес болып көрінуі мүмкін. Бірақ жыннан қорықпаған дұрыс екені де хадистерде айтылған. Одан қорықпай,  сүрелерді айтып, дұға тілеу қажет. Ал, қорыққан жағдайда қатерге ұшырау қаупі бар. Сондықтан қорықпай, жынның адамға ешқандай зиянын тигізе алмайтынын ескерген жөн-, дейді ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029333-qazir-zolda-eles-kop-atyraulyqtar-onirde-zol-apatynyn-ziileuine-qatysty-oi-bolisti/

pixel