Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ТЖМ Комитет төрағасы және департамент басшылары жемқорлық бойынша күдікке ілінді

Опубликовано:

Ақша ұстап тұрған ер адам
Ақша ұстап тұрған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

ТЖМ комитетінің төрағасы мен департамент басшылары жемқорлық бойынша күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, Антикор жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерін тоқтатқан.

Ведомство мәліметінше, жасырын іс-шаралардың нәтижесі бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД басшылары парақорлықпен әшкереленген.

"Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді.

Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек Антикор ақпаратынша, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар екені тексерілуде", - деп жазды Антикордың Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында.

Сонымен қатар Антикор тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Агенттік өкілі Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп саналатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029383-tzm-komitet-toragasy-zane-departament-bassylary-zemqorlyq-boiynsa-kudikke-ilindi/

pixel