Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұбайым қолдайды": жамбылдық блогер келін мүгедектігі бар атасы мен қайын ағасын қалай күтіп-бағып отыр

Жарияланған күні:

Әйгерім Өмірзақова
Әйгерім Өмірзақова. Фото: жеке мұрағатынан

Жамбыл облысы Құлан ауылында тұратын Әйгерім Өмірзақованы әлеуметтік желі қолданушылары Tik-Tok-та белсенді блогер ретінде ғана емес, төсек тартып қалған қайын атасы мен І топтағы мүгедектігі бар қайын ағасына күтім жасап, қызметін адал атқарып жүрген келін ретінде таниды. Төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған жас ана KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, оқырмандары жиі қоятын сұрақтарға жауап берді.

Әйгерімнің мамандығы - фельдшер, қазіргі таңда декреттік демалыста бала тәрбиесімен айналысып отыр. Айтуынша, оған дейін мамандығы бойынша жұмыс істеп те үлгерген.

"Көпбалалы отбасына келін болып түстім, жолдасым үйдің кенжесі. Өзім қазір бала күтімімен үйдемін. Осы сәтті пайдаланып, бос жүрмей, блог жүргізейін деп шештім. Айналысқаныма екі жыл болды", - дейді блогер келін.

Әйгерім қазір Instagram, Youtube, Tik-Tok-та күнделікті үй тірлігін көрсетіп жүр. Видео түсіріп, монтаждауды өз бетінше үйренгенін айтады.

Желі қолданушылары жамбылдық келіннің әсіресе инсульттан соң төсек тартып жатып қалған қайын атасы мен І топ мүгедектігі бар қайын ағасына жасаған күтіміне ерекше тәнті.

Блогердің оқырмандары өзіне де осыған қатысты жиі сұрақ қояды екен.

"Көбі менен "Саған қиын емес пе?", "Қалай үлгересің" деп сұрап жатады. Қиын емес деп айтуға болмайды, екі ауру кісі бар. Атам төрт жыл бұрын инсульт алып, төсек тартып қалды. Қайын ағам - туабітті Даун синдромына шалдыққан. Кейде үлгермейтін кездерім болады. Бірақ мен мойымаймын, өзіме мотивация тауып аламын. Өзіме "бір орында тоқтап қалмауым керек, алға жылжы" деп отырамын. Балаларым үшін. Оқырмандардан көп қолдау көремін. Жылы сөздерінен үйдің шаруасына да, екі ауру кісіге де қарап үлгеруге тырысамын", - дейді Әйгерім Өмірзақова.

Айтуынша, оған осынау қиындықты еңсеруге өмірлік жарынан көріп жүрген құрметі, сыйластығы сеп болуда.

"Маған желіде түрлі пікір жазылып жатады. Ең бастысы, күйеуім қасымда, мені сыйлайды. Біз тек үй шаруасымен ғана айналысып отырған жоқпыз. Қыдырып та үлгереміз, достарымызбен кездесеміз. Үйдегі көңіл-күй әйелге байланысты. Өзін құл сезінсе - құл, гүлдей жайнатып жіберемін десе де өз қолында. Өмір алма-кезек. Ертең біз де қартаямыз. Сондықтан мен балаларыма жақсы үлгі көрсетіп, тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын", - дейді ол.

Осы ретте Әйгерім жас отбасылардың шаңырағы шайқалып, ажырасулардың көбейіп жатқанына қатысты өз ойын айтты.

"Келінге бастапқыда бөтен үйге сіңіп кету қиын. Өзімде де сондай болды. Алғашында әйел адамға күйеуінен қолдау көру өте маңызды. Қазір ажырасып жатқан жұп көп. Оның себебін мен ер адамға байланысты дер едім. Ер азамат анасы мен жұбайының арасында сөйлесіп, көпір болып, түсінісуі керек", - дейді блогер келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029552-zubaiym-qoldaidy-zambyldyq-bloger-kelin-mugedektigi-bar-atasy-men-qaiyn-agasyn-qalai-kutip-bagyp-otyr/