Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір тамшы су жоқ": Жамбыл облысында қант қызылшасын еккен диқандар төтенше жағдай жариялауды талап етті

Жарияланған күні:

егістік
Қант қызылшасы егілген жер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ағын судың жоқтығынан қиналған жамбылдық диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Оған себеп - облыстағы он ауданның алтауын құрғақшылық қысып барады. Еліміз бойынша қант қызылшасын ең көп өсіретін Меркіде мың гектар алқап қурап қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Меркі ауданының шаруалары орталық стадионға жиналды. Бірақ олар спорттық сайыстарға қатысу үшін емес, су сұрау үшін бірікті. Олар мұнда өндірген өнімді емес, судың жоқтығынан сәбіздей солған қызылшаларын ала келген. Олар құрғақшылықтан құтылудың жоспарын жасап, қылша түбірін 3 рет егіп те көргенін айтады. Бірақ бұл амалдары сәтсіз аяқталған. Көктемгі үсік, жазғы шегіртке мен кешіккен субсидияның кесірі жығылғанға жұдырық болған. Енді тығырықтан шығудың жалғыз жолы ретінде төтенше жағдай жариялауды талап етуде.

"Біз төтенше жағдай жариялауды талап етеміз. Мына қызылшамыз осы, түгел солып қалған. Жапырақтары қурап жатыр. Өйткені бізде су жоқ, бар болса жетпейді. Егер төтенше жағдай жарияласа несиемізді жабуға қатысты қиындықтардан шығуға, басталған ісімізді аяқтауға демеу болар еді", - дейді меркілік дихан Арнұр Сәбит.

Диқандар қызылшаны егуде қып-қызыл шығынға батқан.

"Қызылшаны бізге егіңдер дегеннен кейін ектік. Оған қаншама қаржы салып, күш-жігерімізді жұмсадық. Енді сол қаражатқа қатысты біз басшылардан көмек сұраймыз. Шығынға батып отырмыз. Қалайда үкімет жағынан субсидия беріле ме, соны білгіміз келеді. Бермейміз десе, беруін сұраймыз", - дейді аудан тұрғыны Сансызбай Иманбетов.

Ал аудан әкімі көрші Қырғыз тауларындағы мұздықтардың ерімеуі әбден әбігерге салды деп отыр. Ол ағын суға қатысты барлық ауданның мәселесі бір екенін айтады. Әкімнің сөзінше, сусыз отырғандар қатарында жалғыз Меркі ауданы емес, өңірдегі Қордай, Талас, Байзақ пен Жамбыл ауданы да бар. Ал күні кеше құрғақшылыққа қатысты салалық министрліктен арнайы комиссия келген. Егер зерделеушілер шығын көлемі ауқымды деп тапса ғана төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

"Жамбыл облысында 6 аудан зардап шегіп отыр. Ең көп зардап шеккен - Қордай ауданы. Біз үшінші санаттамыз. Шарт бойынша қырғыздар секундына 1,5 куб су беру керек. Бүгінгі күні бір тамшы су жоқ. "Жұт жылы болады" деген. Құрғақшылық жылы, тапшылық жылы болып жатыр. Бұл сондай жылдың бірі. Енді төтенше жағдай жариялау мәселесі үкімет тарапынан қабылданатын шешім. Қант қызылшасынан Меркі ауданындағы 941 гектар жер зардап шегіп отыр", - дейді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.

Аудан көлемінде тәтті түбір еккен 25 ірі шаруашылық зардап шегіп отыр. Олар биыл табысқа шығамыз дегенде тақырға отырғандарына наразы. Өйткені биылғы өнім көлемі былтырғыдан бір жарым есеге көп. Өткен жылы аудан шаруалары 1354 гектардан 142 мың тонна өнім алған. Ал биыл егістік көлемі 3 мың гектар. Оның тек жартысы ғана су ішіп отыр.

"Қалғаны "ҚазСуШар" мекемесімен шартқа отырмай, өз бетінше егіп тастаған", - деді аудан әкімі.

Енді диқандар үкімет үйінің шешімінен ғана үміт күтеді.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029652-bir-tamsy-su-zoq-zambyl-oblysynda-qant-qyzylsasyn-ekken-diqandar-totense-zagdai-zariyalaudy-talap-etti/