Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысындағы 5 жасар қыз баланың өлімі: әкімдіктерге тапсырма берілді

Опубликовано:

қыз бала
Кішкентай қыз. Көрнекі фото: pixabay.com

Үкіметте өткен кеңесте премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға біқтара тапсырма берді, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.

Вице-премьер орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева көтерген мәселелер бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында Тамара Асарова мемлекеттік органдардың Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлескен жұмысын үйлестіру мен бірыңғай тәсілдің маңыздылығын атап өткен.

Сонымен қатар Динара Закиеваның әрбір ұсынысы бойынша премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берген.

Мысалы, Түркістан облысындағы соңғы қайғылы оқиғаға байланысты әкімдіктерге Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша деректер қорын құру тапсырылған.

Бұдан бөлек Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобилді топтардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан бекітуді пысықтау тапсырылған.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша көмек көрсету үшін Бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығын құрумен айналысатын болады.

Бұл ретте отбасыларды жан-жақты көмекпен қамту жұмыстарын үйлестіру мәселелері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына бекітіліп отыр.

Сонымен бірге вице-премьер Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктеріне әкімдіктермен, Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесіп, балаларға арналған барлық мемлекеттік ұйымдарды (оңалту орталықтары, интернаттар, балалар лагерлері және т. б.) кезең-кезеңімен жөндеу, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша тексеру жүргізуді тапсырған.

Жиында Тамара Дүйсенова Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға облыс орталықтарынан тұрғын үй беру мәселелерін пысықтауды да тапсырған.

Еске салайық, 13 шілде күні Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген еді. Жедел-іздестіру шараларының барысында қыз баланың денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылған болатын.

Аталған дерек Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды. Қазір таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл оқиға туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар болып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы жайттың мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Кейін бұл оқиға бойынша Бас прокуратура мәлімдеме жасап, іс бақылауға алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029718-turkistan-oblysyndagy-5-zasar-qyz-balanyn-olimi-akimdikterge-tapsyrma-berildi/

pixel