"Терезе ашу мүмкін емес": Ақтөбеде тұрғын үй аулаларын жағымсыз иіс жайлап барады (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласында қоқыс сасыған аулалар күн сайын көбеюде. Қаладағы тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын екі компанияның жұмысы тоқтағаннан бері шағым айтушылар саны артқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жағымсыз иіс пен антисанитарияға шағымданған ақтөбеліктер үйлерінің терезесін аша алмай қалды. Уақытында алынбаған тұрмыстық қалдықтар тұрғын үйлердің ауласында апталап жатыр.
"Қоқыстың алынбағанына екі апта болды. Бұл жер сасып жатыр. Жаз болған соң құрт-құмырсқа, шыбын қаптап кетті. Жағымсыз иістен аулада жүру, терезе ашу мүмкін емес”, - деді Гүлмира есімді қала тұрғыны.
Қоқыстың уақытында шығарылмауы әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындарына қиындық туғызып тұр.
"Соңғы кезде қоқысты уақытында шығармайды. Бұрын мұндай болмайтын. Ыстық кезде қоқыстың алынбауынан ауламызда антисанитария. Тұрғындар да тазалық сақтау керек. Өзі толған қоқыстың үстіне ескі дивандары мен тұрмыстық қатты қалдықтармен толтырады. Мұның бәрі үлкен мәселе боп тұр", - дейді қала тұрғыны Сәлима әжей.
Ақтөбе қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, қоқыс шығарумен айналысатын үш компанияның екеуі жұмысын тоқтатқан. Жергілікті билік қиындықтардың бір айдың ішінде шешімін табатына сендіреді.
"Биыл мамыр айында "Таза Қарғалы" мекемесі жұмысты тоқтататыны туралы хабарлады. Сол кезден бастап бізде қоқыстарды шығару бойынша қиындық туындады. Шілде айында қоқыс шығарумен айналысып келген тағы бір "Clean City" мекемесінің жұмысы тоқтады. "Clean City" ЖШС 20-дан аса арнайы қоқыс шығару көлігін алып кетіп, қиындық туғызып отыр. Қалада қоқыс шығару кестесі бұзылып, жағдай сын көтермейді. Қазіргі таңда демеушілермен арнайы самосвалдар шығарылып, қоқыс шығаруға жұмылдырылды. Биыл қалада 25 арнайы қоқыс шығаратын көлік сатып алу үшін жұмыстар жүрді. Қазір мердігер мекеме анықталып, қалаға арнайы қоқыс шығаратын көліктер жеткізу жұмыстары жүруде. Бүгінде төрт арнайы техника жұмысты бастады", - дейді Жомарт Бақыткелді.
Әкімдік өкілі тамыз айына дейін 25 техниканың барлығы жеткізіліп, қала аумағындағы қоқыс шығару жұмыстары қалыпқа келеді деп уәде беріп отыр.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029864-tereze-asu-mumkin-emes-aqtobede-turgyn-ui-aulalaryn-zagymsyz-iis-zailap-barady-foto/